Аты аңызға айналған тұлға, қазақ киносын биік тұғырға көтерген актер Асанәлі Әшімов жаздық демалысын отбасымен бірге Алакөлде өткізуде. Бұл туралы оның жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Алакөл. Керемет демалыс болды. Суы аздап тұздылау, жанға жағымды. Отандық туризм дамуына үлес қосайық, достар!" деп жазған Асанәлі Әшімовтан 34 жас кіші жары, суреттер де жүктепті.
Суреттен Әшімовтар отбасы Алакөлге демалуға пойызбен барғанын аңғаруға болады.
Айта кетсек, Асанәлі Әшімов қазіргі жарына 2002 жылы үйленді. 2008 жылы Асанәлі деген бала дүниеге келді.
Асанәлі Әшімовтің алғашқы жары Майра 1993 жылы, ал одан туған қос ұлы - Мәди мен Сағи 1999 жылы дүниеден өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған Сағи Әшімовті көпшілік Шоқан Уәлихановтың рөлі арқылы таниды.
Отбасының үш бірдей мүшесінен айырылған Асанәлі Әшімов 2002 жылы ауруханаға түскен. Осы уақытта актер қазіргі жарын кездестірген. Ол сол ауруханада медбике болып жұмыс істеген.
"Есімде, су алып шығайын деп төменге түсіп кеткенмін. Мен көтеріліп келе жатқанда, кереуеттің ернеуін ұрып, "Әттең, балаларым! Мені неге жалғыз тастап кеттіңдер" деген зор дауысты естідім. Сол сәттен бастап, мен өзіме "Бір минут жалғыз қалдырмауға" серт еттім. Әрине, жүректегі жара жазылмайды ғой. Бірақ, сол жараның ашылып кетпеуі үшін қызмет етемін", - деп көзіне жас алған еді бір сұқбатында Бағдат Әшімова.
Посмотреть эту публикацию в Instagram