Режиссер Ермек Тұрсынов "Қазақстанның қазіргі телевидениесін халықтың санасын улаушы басты қылмыстық топ" деп атады. Бұл туралы қоғамдық кеңеске мүше режиссер Facebook-тегі жазбасында жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Режиссер орысша бұл жазбасында кеңінен көсіліпті. Сондықтан біз ол көтерген мәселенің кейбір маңызды тұсын кертіп алып, өз назарларларыңызға ұсынып отырғанымызды ескертеміз.
Ол "алдымен экономика, одан соң саясат" деген Қазақстан идеологиясын "алдымен мәдениет, содан соң экономика мен саясат" деп өзгертуді ұсынады. Оның пікірінше, мәдениетті адамдарды қалыптастырмай сыбайлас жемқорлықпен күресу мүмкін емес. Мәдениет болмаса бәрі бетімен кетеді. Саясаткерлерден бастап бүтін қоғамның өзі де.
"...Халықтың кітапқұмарлығын қайта ояту керек. Мәдениетті болайық, оралайық сондай кезімізге. Ал қазір мәдениеттің көрсеткіші не? Кім өмірдің салтын үлгі етеді? Әрине, интернет пен телевидение. Бірақ оларда ешқандай ұлы дәстүр де, ешқандай өнер-өнеге де жоқ. Әсіресе, телевидениеде. Қазір не көп, телеарна көп. Көбісі, көңіл көтеруге арналған. Қосып қалсаңыз, қара кешке дейін көрсететіндері той бизнесінің айналысындағы нәрселер. Республикалық арналарда - атыс-шабыс, жылауық сериалдар. Басқа түк жоқ.
Бүгінгі телевидение адамдардың санасын улап жатыр. Айналысатындары да сол. Бұл дегеніңіз, менің түсінігімде, қоғамның мүддесіне қарсы қылмыстық топқа жұмыс істейтіндер. Экраннан тек бір ұранды байқап, ұғасыз: "Кез келген жолмен байыңдар – ұрлаңдар, зорлаңдар, алдаңдар!". Нәтижесі жоқ емес, деңгей қатты төмендеуде.
Бүгіндері елімізде талғамы мен эстетикалық көзқарасын ұялы телефон қалыптастыратын тұрпайы жастарымыз сеңдей соғылып жүр. Гаджетсіз өмірін елестете алмайтын бүтін бір буын өсіп-өніп жатыр. Бүгінгі әлеуметтік желі дегеніміз не? Бұл - сүзгіден өтпеген қалай болса сондай ақпарат ағыны. Ол кезексіз келіп, сөйлей беретін микрофон іспетті. Ол арада бір "ит" қараптан қарап жәй үре салса болды, қалғандарының бәрі соған қосылып шындап шабаланып кетеді.
Шегі жоқ, бітеу шеңбер. Сөзінің құны көк тиын шығармалық зиялы қауым, кез келген көшірме, сапасыз дүниені іліп әкететін талғамсыз оқырман. Қазіргі мәдениеттегі беделді әрі белді деген адамдарымыздың түрі "баянесентаева, қайратнұртас, төреәлі және басқалар". Егер мәдениетіміздің биігі осылар десек, біз неткен ұлтпыз сонда?
Дарынсыздар саясаттан төбе көрсете бастады. Бүгіндері барлық жерде - маргиналдар. Саясатта да, бизнесте де, мәдениетте де, тіпті ғылымда да. Осы заман маргиналдар дәуірі ретінде есте қалатын шығар. Баяғыда бір нәрсе жасайтын уақыт келген. Біз мәдениет саясатының жобасын әзірлеуге шындап кірісіп, оны керіге шегермей дереу жүзеге асыруды бастауымыз тиіс. Бәрін сүзгіден өткізіп, талдаудан бастау керек.
Ең бріншіден, БАҚ-ты қолға алу керек. Телеарналарды. Поп пен "чернуханың" көзін құртпасақ та, оның үдеуіне жол бермеу керек. Осыдан екі жыл бұрын жалғыз телеарна - Мәдениет жабылып қалды. Неге? Көрсететін ештеңеміз немесе ешкіміміз жоқ па?
Одан соң кітапқұмарлықты қайта ояту керек. Мысалы, Бразилия билігі жұмысшыларына кітап оқу, кинотеатрлар мен музейлерге барғаны үшін ай сайын 25 доллар стипендия ұсынады. Сонымен қатар, Бразилия ең үлкен төрт түрмедегілердің кітапқұмарлығына қарай жазаны өтеу мерзімін қысқарту түрінде амалды тәжріибеден өткізген. Сол секілді бір амал-айлалар ойластыру керек.
Оқи отырыңыз: "Баян - бұзылған қоғамның белгісі". Алагөзова Тұрсыновтың жағасынан алды
Адамдарды театр мен филармонияға баратындай ету қажет. Мысалы, байырда Афина тұрғындарына театрға бару міндеттелген. Сондықтан құлдан басқа бүкіл қала тұрғыны театрдан шықпайтын. Жұмыс істейтін кедейлерге театрға барып, жұмыс уақытын жоғалтқаны үшін өтемақы төленген. Ал театрға кіру үшін билет сатыла бастағанда, Афина үкіметі азаматтарына билетті өзі сатып алып беретін болған.
Жырақта жүрген гуманитарлық саладағы шығармашылық адамдарды: музыканттарды, режиссерлердің отанға оралуын ынталандыру қажет. Ең құрымағанда, жалақысы жақсы жұмыс тауып берсін.
Бұл бағыттта Мәдениет министрлігі Білім министрлігімен тығыз жұмыс істеуі керек.
Әрине, мәдениет партия мен үкіметтің шешімімен жасалатын дүние емес, соны дұрыс түсіну керек. Оны қолдан жасау мүмкін емес. Оған тек жағдай жасауға болады.Бітті.
Бұл істегі ең басты капитал - адамдар. Тұлғалар. Егер олар пайда болса, онда мәдениет те пайда болады. Ұлыларды тудыра алмасақ, онда осы қалғанымыз қалған.
Атақты миллиардер Джобс өлер алдында,: "Егер мүмкін болса, Сократтың қасында бір кеш болсам, сол үшін бүкіл байлығымды берер ем» депті. Ол мұны бекерден-бекер айтпаған болар...", делінеді автор жазбасында.