Алматыда мемлекеттік қайраткер Балғабек Қыдырбекұлына арналған салтанатты жиын өтеді

Кеште Балғабек Қыдырбекұлы мен Балнұр Қыдырбектің шығармалары орындалады.

21 қыркүйек күні кешкі сағат 17.00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында белгілі жазушы, журналист, мемлекет қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының 90 жасқа толуына арналған салтанатты жиын өтеді, деп хабарлайды Zakon.kz Қазақстан композиторлар қауымдастығына сілтеме жасап.

Кеште Балғабек Қыдырбекұлы мен Балнұр Қыдырбектің шығармалары орындалады. Одан бөлек ҚР Еңбек сіңірген қайраткері М.Әмзе дирижерлік ететін Мемлекеттік симфониялық оркестрдің, сондай-ақ, көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Б.Демеуов болып табылатын Байқадамов атындағы хор каппеласының өнерін тамашалай аласыздар.

Кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Г.Дауырбаева, Б.Есенәлиев, Е.Төкеев, Д.Хамзина, сол секілді халықаралық байқаулардың лауреаттары Д.Жолдыбаев, І. Артағалиев те өз өнерімен көрермендерін сусындатады.

Айта кетсек, Балғабек Қыдырбекұлы 1929 жылы 15 наурызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Таран ауылында дүниеге келген. Елімізге танымал журналист әрі жазушы. Еліміздің белді басылымы - қазіргі "Егемен Қазақстан" газетінің әдеби қызметкері болып қызметін бастаған ол кісі газеттің бас редакторлығы, одан соң Қазақстан журналистер одағы басқармасының төрағасы қызметіне дейін көтерілген. Алғашқы фельетондар жинағы "Ешкімге айтпа" деген атпен 1962 жылы жарық көрген.

Шайтанның шатағы, Қара сандық, Маздаған шырақ, Ұрының еншісі, Ақпа құлақ, Алатау, Ақымақтың миы, Түгел сөздің түбі бір, Қым-қиғаш жылдар, Қайран Ораз атты және тағы басқа кітаптары жарық көрген. Балғабек Қыдырбекұлы өз шығармаларында халық тарихын, ірі тұлғалар бейнесін сомдаған. Қазыбек бек Тауасарұлының жазбалары деп саналатын қолжазбаны тауып, оны "Түп тұқияннан өзіме дейін" атты кітап етіп шығарды. Қаз КСР Жоғары Кеңесінің екі мәрте депутаты болып сайланды. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: