Тоқаевтың сөзі жерде қалмады: домбыра сабағы енгізіледі

Сабақ міндетті пәндерге кірмейді.

"Мектептерде домбыра сабағын енгізуіміз керек!". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысы халықты біраз қуантқаны рас. Енді міне арада бірнеше ай өткеннен кейін, ерекше пәннің оқулығы да дайын болып, президентке таныстырылды. Жалпы бізге мұндай пән қажет пе? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Әдетте қалай? Ұсыныс айтылған соң, бір-екі апта талқыланып, кейін ұмытып қалатыны бар еді ғой. Бірақ бұл жолы олай болмады. Араға бірнеше ай салып, домбыра сабағына арналған алғашқы оқулық басылып шықты. Бірақ сигналды нұсқасы. Президентке таныстырып, көрсету үшін. Алайда желіде жарияланған суреттерден оқулықта домбыраны үйренуге керектінің бәрі қамтылғанын көреуге болады. Яғни дұрыс отырып, аспапты қолға ұстаудан бастап, күй тартуға дейін барлығы жазылыпты.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

"Домбыра болғаны дұрыс, жағдай тудырып, форматын енді қарастыру керек, специалистер бар. Домбыраны білген адам жаман адам болып өспейді деп ойлаймын"


Сабақ міндетті пәндерге кірмейді. Яғни, әр оқушы өз қалауы бойынша оқи алады. Әрине, бұл сабақты оқыған соң, барлығы күйші болып кетпейді. Бірақ, пәннің мақсаты ол емес. Бастысы, басын телефоннан алмайтын қазіргі ұрпақ киелі аспапты көзімен көріп, қолына бір алғаны.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

"Негізінен домбырашы болу да мақсат емес. Өзің қазақ болған соң пернесі, тиегі қайда екенін білген дұрыс та. Одан бір керемет музыкант болу мақсат та емес. Анау ұлттық кодын ояту үшін осы бір жақсы тәсіл деп ойлаймын. Мысалы, менің балаларымның барлығы домбыра тартады"


Қалай болғанда да, домбыра сабағы енгізіледі дегенге қарсы шыққан ешкім болмады әзірге. Бәрі қуана қолдап жатыр. Ал оның мектептерде нақты қашаннан бастан оқытылатыны әзірге белгісіз. Ол енді уақыт еншісіндегі мәселе.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: