Ұлы ақынның шығармашылығына арналған кешке түріктің белді саясаткерлері, қоғам қайраткерлері мен елде тіркелген дипломатиялық миссия өкілдері қатысты, деп хабарлайды "Хабар 24".
Салтанатты шара халықаралық түркі мәдениеті ұйымы-еліміздің мәдениет және спорт министрлігі, Түркия Республикасының мәдениет және туризм министрлігімен бірлесе отырып, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Түрік радио- теледидар мекемесінің қолдауымен жүзеге асты. Түбі бір түркі жұртының танымал жұлдыздары мен жез таңдай әншілері Түркия Республикасы президенттік симфониялық оркестрімен Абайдың танымал романстарын орындады.
Еліміздің Зарина Алтынбаева, Шахимардан Абилов, Раушан Бескемпірова, Талғат Мұсабаев, Клара Төленбаева сияқты күміс көмей әншілері "Айттым сәлем, Қаламқас", "Желсіз түнде жарық ай", "Көзімнің қарасы" әндерін ерекше ықыласпен орындап, көрерменді қуантты.
Елдос Рамазанов, ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары:
– Абайдың 175 жылдығына орайластырылған кеш жоғары деңгейде өтті. Түрік көрермені ұлы ақынның шығармаларын ерекше ықыласпен тыңдады. Абай жылына арналған шаралар тізбегі дағдылы түрде жыл бойы ұйымдастырылады.
Фатих Шахин, көрермен:
– Қазақ ақыны әрі философына арналған кешке арнайы келдік. Шығармаларын тыңдадық. Мағынасы өте әсерлі. Бір- бірімізді жақыннан тану тұрғысынан мұндай шаралардың орны бөлек.