Жапонтілді журналист Шарафат Жылқыбаева әлеуметтік желідегі парақшасына өзінің балалық шағынан сыр шертетін "Сәуле" атты әңгімесін жариялады. Шын жүректен шыққан көркем шығарма оқырмандардың сұрауы бойынша Токиодан шығатын "Нихонтоюрашя" газетінің №1520, №1521 сандарында жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz Жетісу басылымына сілтеме жасап.
Әңгімеде қазақ ауылындағы көпбалалы ананың болмысы бейнеленген.
Автор шығармасында бес жасқа дейін Жетісудағы Жамбыл ауылында әжесінің қолында болғанын, ол дүниеден озған соң біраз уақыт мейірбан жан Сәуленің үйінде тіршілік еткенін тілге тиек ете отырып, қазақи тіршілікті жапон оқырманына қызықты етіп жеткізген.
"Сәуленің жеті баласы бар еді, мен барған соң тағы бір ұл дүниеге келді. Мен ол кісінің тоғызыншы баласы сияқты едім. Дәу қазанға сүт пісіргенде қаймағын өз балаларына емес, алдымен маған беретін", – деп қазақ анасының кеңпейілдігі мен шексіз мейірімділігін суреттейді.
Әңгіменің соңында автор көп жыл өткен соң Сәулені іздеп ауылға барғанын жазады. Баяғыдай құшақ жайып қарсы алған Сәуле амандық-саулықтан соң қазіргі тірліктің жайына көшеді. "Мынау газға піскен нан, қазір баяғының көмбе наны жоқ қой. Келіндер пісірмейді. Жалқау ғой қазіргі келіндер", – дейді Сәуле.
Шығармада балғын балалық шаққа деген сағыныш сезіледі. Әңгімеге арқау болған "Алтын алқа" иегері Сәуле Кемелова Алматы облысында тұрады. Жапон газетінің ұжымы қызығушылық танытып, асыл ананың суретін де алдырып жариялаған.
Осы әңгіме жарияланған соң редакцияға оқырмандардан "Жан тебірентерлік әсерлі шығарма екен", "Қазақстанды кеңінен насихаттап жүрген Шарафат Жылқыбаеваның балалық шағы туралы көбірек білгіміз келеді" деген ыстық ықыласты хаттар келіп түскен.