Қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды zakon.kz.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын бітіреді.
1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958-1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады.
1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шығады. "Қазақ әдебиеті" газетінде (1965-1967), "Жазушы" баспасында (1967-1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976-1981) жауапты қызметтер атқарды. 1981 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста болған.
Жазушының әдеби қызметі Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде басталған. 1954 жылы "Шыңжаң газетінде" алғашқы өлеңдері жарық көрген. "Жамал" атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы "Шұғыла" журналында басылған.
Жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы "Жас дәурен" деген атпен жеке жинақ болып шыққан. Осыдан кейін жазушы бірыңғай проза жазуға ойысқан.
"Қаздар қайтып барады" атты алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, "Көкейкесті" романы 1969 жылы жарық көрді. Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған. Оның екі кітаптан тұратын "Соңғы көш" (1974-1981), "Атамекен" (1985), "Тағдыр" (1988) романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. "Соңғы көш" дилогиясына 1983 жылы М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, "Тағдыр" романына 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілген.