Қазақстанның Түркиядағы құрметті консулы қайтыс болды

Ол пандемия кезінде осындағы қазақ студенттерге көмектесті. Қазақстанға гуманитарлық көмек жолдап, қол ұшын бергендердің алдыңғы шебінде болды

Қазақстанның Түркиядағы құрметті консулы, қазақ-түрік қарым-қатынасына елеулі үлес қосқан белгілі кәсіпкер Халил Улуер әйелімен бірге жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды zakon.kz.

"Адал дос, белгілі кәсіпкер, ұлы адам Халил Улуер мырза әйелімен бірге кеше кешкісін жол апатынан қаза тапты. Ол тек өз елінің емес, қазақ халқының да нағыз жанашыр досы еді. Ол Түркі әлемін жанындай жақсы көретін. Қазақстанның көк туын желбіретіп, Қазақстанды мақтан тұтатын. Пандемия кезінде осындағы қазақстандық студенттерге көмектесті. Қазақстанға гуманитарлық көмек жолдап, қол ұшын бергендердің алдыңғы шебінде болды. Елімізге инвестиция тарту үшін кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Қазақ-түрік бауырлас халықтың байланысын нығайту үшін барын салды. Әттең, тағдыр оны бізге қимады. Түрік халқына қайғырып, көңіл айтамын", – деп жазды Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Facebook парақшасында.

Туризмнен бастап авиация, теңіз, баспа және визуалдық БАҚ пен қорғаныс саласында 8 компанияны басқарған Улуердің екі ұл, бір қызы бар.

2009 жылдан бері Қазақстанның Невшехир қаласындағы құрметті консулы қызметін атқарып жүрген Улуердің атсалысуымен Түркияда бірқатар даңғыл мен саябаққа Қазақстан мен қазақ тұлғаларының есімі берілді. Дәстүрлі түрде еліміздің атаулы күндерінде Каппадокияда әуе шарларында мемлекеттік туымызды желбіреткен Халил Улуердің еңбегі орасан.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: