Ақмола облысының Жарқайың ауданында ежелгі жауынгерлік балта табылды. Археологтар оны қола дәуіріне тиесілі Андронов мәдениетінің жәдігері деп болжап отыр, деп хабарлайды zakon.kz "Хабар-24-ке" сілтеме жасап.
4 мың жылдық тарихы бар құралды Тассуат ауылдық орта мектебінің тарих пәні мұғалімі елді мекен маңынан тауып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына өткізген. Қазір құнды бұйым табылған аумақ жан-жақты зерттеліп жатыр. Ал жауынгерлік балтаның өзі алдын ала болжам бойынша мыс пен қалайының қосындысынан жасалған. Бірақ құрамындағы металдар бұдан да көп болуы мүмкін. Салмағы 900 грамм. Археологтардың айтуынша, мұндай жәдігер аймақтан бұрын-соңды кездескен емес. Ал дәл осындай балталар еліміздің Ұлттық музейі мен Ресейдің Челябинск қаласындағы мұражайларда ғана бар екен. Енді жәдігерге кешенді сараптама жасалады.
Қуаныш Шақшақов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Бұл енді жауынгерлік балта болғандықтан бұған ең бастысы ДНК анализін өткізу. Яғни бұл жерде ДНК анализі дегеніміз, мына жерде сақталған қан образецтері бар. Сол қан образецтерін алып, бұл қан кімге тиесілі? Адамға ма, жануарға ма. Және сонымен қоса радиокарбонды, радиоуглеродты анализді өткізу керек.