ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов салалық мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың және жетекші ғалымдардың қатысуымен ғылымды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Вице-премьер ғылым саласының қазіргі жағдайын сынға алды, ғылыми зерттеулер нәтижелілігінің төмендігін, олардың экономиканың дамуына әсерінің әлсіздігін, ғылымның өндіріспен тиісті өзара байланысының болмауын, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар үлесінің төмендігін атап өтті, делінген primeminister.kz сайтында.
Тоғжанов ғылымды қаржыландыру жүйесінің, ұлттық ғылыми кеңестер қызметінің, ғылыми-техникалық сараптама жүргізу кезінде сарапшыларды іріктеу процесінің кемшіліктерін де атап көрсетті. Вице-премьер ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттырудың, олардың өндірістің ғылымды қажетсінуіне және экономика салаларын дамытуға әсерін күшейтудің, ғылымды дамыту басымдықтарын дұрыс айқындаудың маңыздылығын айтты.
Премьер-министрдің орынбасары ғылыми кадрлық әлеуетті нығайту, оның ішінде шетелде жұмыс істейтін қазақстандық ғалымдарды тарту арқылы нақты шаралар әзірлеу қажеттігін жеткізді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ғылыми саланы қаржыландыру үдерістерін жақсарту және ғылымның елдің дамуына қосқан үлесі жөніндегі тапсырмалардың орындалуына ерекше назар аудару қажет.
Тоғжанов еліміздің ғылыми әлеуетін дамыту бойынша жұмыс тобын құруды, нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, Үкіметке ғылымды дамыту жөніндегі тұжырымдама жобасын енгізуді, сондай-ақ ғылым мәселелері бойынша заңнамалық актілерге түзетулер енгізу бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды. Ғылыми институттардың, ғалымдардың ұсыныстарын тыңдаған Премьер-министрдің орынбасары кадр мәселелерін шешуге, жас ғалымдарды қолдауға, ғылыми жобаларға бизнес қаражатын тартуға, экономика мен әлеуметтік саланың нақты міндеттерін шешу үшін кешенді зерттеулер жүргізуге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.