Баян Мақсатқызы түсірген фильм халықаралық кинофестивальге жолдама алды

Қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызы мен режиссер Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» (Happiness) көркем фильмі 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің «Панорама» бөліміндегі негізгі конкурстық бағдарламаға енді, деп хабарлайды Zakon.kz

Қиын өмір туралы қарапайым әңгіме. Танымал продюсер Баян Мақсатқызы жаңа туындысын осылай сипаттады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильм сән қуу немесе тенденцияға еру емес, ол – жоба продюсері басынан өткерген ащы шындықты қоғамға жеткізу әрекеті, отбасы мен қоғамдағы ерлер мен әйелдер теңдігі туралы қарапайым арман.

БҰҰ мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Елімізде бір айда орта есеппен 120 әйел зорланады, 5232-сі соққыға жығылады, 72 нәзік жанды дене жарақатын алып, 14-і қаза болады, ал 48 әйел өз өзіне қол жұмсайды. Түзету мекемелерінде «кісі өлтіру» айыбымен отырған әйел адамның 70%-ы күйеулерін өлтіргені үшін сотталған.

Фильм заманауи Қазақстанда, шағын қалада өрбитін оқиғаны сипаттайды. Басты рольдегі үш кейіпкер: күйеуі, әйелі және олардың бойжеткен қызы арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауыртпалығы мен қасіретін, тағдырдың жазуымен құрбанның жазалаушыға айналуын көрсетеді.

Сценарий авторлары – Әсем Жәпішева мен Асқар Ұзабаев.

Еске сала кетсек, 2021 жылдың басында Баян Мақсатқызы әлеуметтік драманы түсіруге қаражат жинау үшін краудфандинг бастамасын көтерген болатын. Қазақстандықтардың ықылас танытуының арқасында 10 миллион теңге жиналса, қалған сома (65 миллион теңге) – продюсердің өз қаражаты.

«Бақыт» (Happiness) көркем фильмінің әлемдік премьерасы 15 ақпан күні Берлин уақытымен 15:45-те болады. Қазақстандықтар бұл туындыны 2022 жылдың көктемінде көре алады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: