ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасында ұлттық өнердің арда тұлғасы, қазақ сатирасының айқсақалымен қош айтысып, жазба жариялады.
Қарымды қаламгер Көпен Әмірбек ағамыз өмірден өтіпті... Ардақты ағамыздың иманы жолдас болсын! Ағалы-інілі араласып едік. Таяуда ғана туған бауыры Ерсұлтаннан жағдайын сұрап едік. Айығып кетер деген үміт басым еді, тағдырға шара жоқ…Қазақ журналистикасы мен сатирасына үлкен еңбек сіңірген, сахнада да өзіне тән әзіл-сықағымен көрерменін баурап алған көрнекті қаламгердің әлі де берері мол еді. "АраШмель" және "Ара.кз" журналы, "Қазақ әдебиеті", "Егемен Қазақстан" және "Айқын" газеттерінде өнімді еңбек етті. Ұлттық арнада, "Хабарда", "Тамаша" ойын-сауық отауында оның қаламынан шыққан туындылар жоғары бағаланатын. Қоғамдағы олқылықтар мен орынсыз істер, Абай айтқандай ызаланып күлуге тиіс жағымсыз жайттар Көпен ағаның назар-нысанасынан тыс қалған жоқ. Шығармашылық адамының шын бақыты – өндіре жазу, оқырманын ояту, сезіміне әсер ету болса, Көпен Әмірбек бұл тұрғыда өлмес туындылары мен кейіпкерлерін қалдырып кетті. Бақұл болыңыз, сатира саңлағы..., делінген жазбада.
Айта кетсек, Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора елдімекенінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Қиыр шығыста екі жылдық әскерипартия мектебінде оқыған.
Көпен Әмірбек "Қымызхана", "Тамаша" ойынсауық отауының белсенді авторы ретінде, сондай-ақ өзі құрған "Көпен келе жатыр!..." атты сатиралық театрымен көрерменге кеңінен танылды. Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың мысалмысқылдары мен лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бірсыпыра сықақ өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
"Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Мың бір мысал", "Ауызбастырық", "Өзіңді танисың ба?", "Көпен келе жатыр!...", "Із", "Көкемнің көзі", "Па, шіркін, пародия!..." атты әзілсықақ, сын мақалалар кітабының авторы. Президент гранты мен "Парасат" орденінің иегері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты.
Zakon.kz ұжымы Көпен Әмірбектің отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтады.