Павлодар облысы білім басқармасының хабарлауынша, 14-20 наурыз аралығында қаланың барлық мектептерінде "Тақия тігеміз" атты заманауи тақия тігу бойынша тігінші, шеберлермен кездесу ұйымдастырылды.
Жоба аясында технология сабақтарында және шығармашылық үйірмелерде киіз, мата және басқа да аксессуарлардан тақия тігу шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Қыздарға трендке айналған тақияны тігу ғана емес пішу жолдары, тақияны сәндеп безендіру, ұлттық киімдердің шығу тарихы, тақияны киюдің жолдары да түсіндірілді.
"Апта бойы өткен шеберлік сыныптардың қорытындысы ретінде Оқушылар сарайында гранд-дефиле өтті. Әр оқушы өз қолымен тіккен тақияны киіп, ұлттық киіммен дефилеге шықты. Мерекелік подиумнан 200 жас шебер жүріп өтті". Оқушылар сарайының әдіскері Әсем Аипова
Сонымен қатар Павлодар облысының оқушылары мен колледж студенттері "Қызғалдақтар алаңы" көрме-конкурсына қатысты. Олар киіз, көбік, гофрленген қағаз, картон секілді түрлі материалдардан көктем гүлдерін жасап, мерекеде гүл инсталляциясы түрінде ұсынды. Дайын жұмыстардың кейбірі биіктігі екі метрге дейін жетті.
Оқушылар сарайының эстетикалық тәрбие бөлімінің педагогтары мен тәрбиеленушілері сәндік-қолданбалы өнер көрмесін өткізді. Мұнда ұлттық нақышта безендірілген кішкентай киіз үйлер, киізден жасалған суреттер мен "Наурыз аруы" қуыршақтарын ұсынды.