"Тұран" ансамблінің Еуропадағы турнесі Вена сахнасында жалғасты

Еуропалық турне аясында "Тұран" этнофольклорлық ансамблі әйгілі "Эрбар" концерт залында өнер көрсетті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Талғампаз Вена тыңдарманын қазақтың әуезді әуені бірінші нотадан-ақ тәнті етті. Сыбызғы, сазсырнай, қыл-қобыз бен шертердің үйлескен дыбысы келген жұртты таң қалдырды. Еуропалық турне Парижден басталып, Брюссель, Гаага, Загреб көрерменінің қошеметіне бөленіп, кәрі құрлықтың музыка астанасы Венада жалғасты, деп хабарлайды "Хабар 24".

"Бұл керемет концерт болды. Артистердің қойылымы менің жүрегіме жетті. Сіздің халқыңыздың музыкасы ерекше. Музыканттардың кей  аспаптарын мен бірінші рет көрдім және дыбысын алғаш естідім. Мысалы, өнерпаздар даладағы желдің дыбысын бір ғана садақпен жасай алды. Бұл теңдесі жоқ талант".Төменгі Австриядағы ҚР құрметті консулы Александр Кисс

Концертте қазақ музыкасымен қатар еуропа классикасы да орындалды. Сонымен қатар, "Қазақконцерт" артистері де өнер көрсетті. Опера әншісі, белгілі тенор Медет Шотабаев та көрермен ықыласына бөленді.

400 адамға шақталған "Эрбар" залында бұл кеште бос орын болмады. Австриялық саясаткерлер, дипломаттар, кәсіпкерлер және, әрине, жоғары өнерді тамашалауға тұрғындар да көп келді. Альпі елінде білім алып жатқан қазақ студенттері төбе көрсетті.  

"Концерт тамаша, мен өте қуаныштымын. Суретшілер домбырада ойнаған кезде музыкаға билеген жануарлардың кішкентай фигуралары мені қатты таң қалдырды. Табиғаттың дыбыстары музыка арқылы әдемі жеткізілді. Естен кетпес кеш болды. Мен Қазақстанда төрт жыл жұмыс істедім, сіздің музыкаңызбен жақсы таныспын, тіпті қазақ тілін де оқыдым. Қазақстанның кең даласын еске алу кешінің болғанына өте қуаныштымын". Австрия СІМ Департаментінің директоры Герхард Сейлер

"Тұран" ансамблі бүкіл түркі әлемінің музыкалық брендіне айналды. Қай елге барса да талғампаз көрерменнің жоғары бағасын алып жүр. Бұл да қазақ елін танытудың тиімді құралы іспетті. 

Еуроодақ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: