Бұл спектакль Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында алғаш рет 1971 жылы қойылған.
Алғашқы қоюшы-режиссері театрдың негізін қалаушылардың бірі Құрманбек Жандарбеков, ал қоюшы-суретшісі Гүлфайрус Исмаилова болды.
Басты партияларды опера өнерінің аңызына айналған Рахима Жұбатұрова, Шора Үмбетәлиев, Нариман Қаражігітовтер сомдаған еді.
"Театрдың негізгі мақсаттарының бірі - еліміздің төл музыкасын сақтау болғандықтан, 2023 жылы 90-мерейтойлық маусымындағы алғашқы премьералық қойылымды Сыдық Мұхамеджановтың "Жұмбақ қыз" операсымен бастағанды жөн көрдік. Қоюшы - режиссері Асхат Маемировтың, дирижері Нұржан Байбусиновтың, суретші Есенгелді Тұяқовтың бірлескен жұмысы заманауи жаңа бағытта ерекше көрініс тапты. Қарқынды режиссерлік шешіммен, көз тартар сұлулыққа толы биімен, таңдай қақтырар сахналық сайысымен қатар өрілген бұл туынды көпшіліктің көңілінен орын алары сөзсіз. Операның оркестрлік партитурасында да толықтырулар енгізілді. Бүкіл қазақ үшін ортақ кие қонған, қасиет орнаған жердің бірі Бурабайдың ортасында орналасқан, қалмақтың тұтқын қызының жұмбағы айтылған құзтас Жұмбақтас жайлы аңыздарды Сәкен Сейфулиннің "Көкшетау" поэмасында әнін шырқаған "Жұмбақтас" жартасының тарихы терең". Қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі
"Көкшетау" поэмасы қазақ
әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі Сыдық Мұхамеджановтың "Жұмбақ қыз" операсының либреттосына негіз болып, ХVІІІ ғасырдың ортасында қазақ жерінде
аңызға айналған тарихи оқиғалар туралы баяндайды.
Либретто жазу барысында Сыдық Мұхамеджанов пен белгілі жазушы, ақын әрі драматург Софы Сматаев қалмақтың сұлуы Нәзік пен қазақ батыры Адақтың махаббаты туралы лирикалы-эпикалық аңыз әдемі әлеміне жетелеп енгізуге тырысады.
"Жұмбақ қыз" операсы қазақ халқының дәстүрлі ән өнерінің бастауынан шыққан тартымды әуендерге толы қойылым. Сәкен Сейфулиннің "Тау ішінде" деген әні де шығарманың мазмұнын аша түскендей. Абылай ханның музыкалық-сахналық бейнесін жасау кезінде либреттистер тарихи деректерге сүйене отырып, қазақ жерінің бірлігі мен тұтастығын, Отанның егемендігі мен күшін сақтауға ұмтылған саясаткердің даналығын күшейтеді. Сюжет авторларының Отанды қорғау идеясын күшейтуге деген ұмтылысы Сәкен Сейфуллиннің бейнесін енгізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, операда бүкіл халық даналығы мен қайғы-қасіретін өзінің бойына сіңдірген ананың бейнесі, жау шапқыншылығынан кейін қираған қазақ ауылдарының көріністері мен қолға түскен тұтқындардың суреттері айқын көрсетілген". Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі