Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы ТҮРКСОЙ көлемінде аталып өтті
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Мерейтойлық іс-шаралар ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы ғимаратында ашылған көрмеден басталды. Мұнда Ахмет Жұбановтың өмір жолы, шығармашылық мұрасы, ғылыми еңбектері таныстырылды. Көрменің ашылу рәсімінде ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайыт Юсуф Ахмет Жұбановтың шығармашылық мұрасы түркі халқының музыкалық дәстүрін сақтап, келер ұрпаққа жеткізуде айрықша маңызды екенін атап өтті.
Бағдарлама аясында ғалым әрі композитордың өмірі мен өнердегі жолы туралы деректі фильм көрсетілді.
Мерейтойлық іс-шаралар Қазақстан мен Түркияның ғылым және мәдениет саласы өкілдерінің қатысуымен өткен халықаралық дөңгелек үстел отырысымен жалғасты. Қатысушылар Ахмет Жұбановтың музыка өнері мен музыкатану ғылымының дамуына қосқан үлесін және түркі дүниесіндегі мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін талқылады.
Бағдарлама Анкара музыка және көркем өнер университетінің Музаффер Сарысөзен амфитеатры сахнасында өткен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің концертімен аяқталды.
Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған Анкарадағы халықаралық іс-шаралар композитордың өнердегі өнегелі жолын ұлықтап, түркі дүниесіндегі мәдени сабақтастықты одан әрі бекемдей түсті.
Бұған дейін ҚР Ұлттық кітапханасында Түркия Қолжазбалар институтының президенті Жошкун Йылмазбен кездесу өткенін, басқосуда Ұлттық кітапхана қорындағы XII ғасырға жататын Құран қолжазбасының сақтау және қалпына келтіру бағытындағы мәселелер талқыланғанын жазғанбыз.