Айта кетсек, Абай Бегейдің алғашқы жары 2016 жылы қапыда дүниеден озды. Тұңғыш некеден әншінің үш қызы және бір ұлы бар. 2018 жылы Абай Бегей өзінен 16 жас кіші Фаризамен қайта шаңырақ көтерді. Екінші некеден өнер адамының үш баласы бар.
Өз үйлену тойында әншінің үлкен ұлы өзі үшін ең бақытты күні анасын еске алуды жөн көріп, үлкен экраннан хат мәтінін жариялады.
"Сәлем, анашым! Бәріміз Сізге хат жазамыз деп шештік. Балаларыңыз Сіздің жылы құшағыңызды сағынды. Басымыз біріксе, өзіңізбен бірге өткен тәтті сәттерді еске алып, бір жылап аламыз. Біріміз күйеуге шықсақ, біріміз үлкен өмірге енді қадам басқалы жатырмыз. Міне, өзіңіздің жалғыз ұлыңыз өзіңізден аумайтын жанды әулетімізге алып келді. Жоқтығыңызды жасырып жатыр", делінген хат мәтінінде.
Ары қарай балалары анасының өте арманшыл болғанын еске алады.
"Кезінде армандар картасында ілулі тұрған зәулім үй, соңғы үлгідегі көлік, пәтеріміздің әппақ ремонты, қонақжайлылығыңыз сонша, қазір залда тұратын ұзын үстелге дейін арманыңызда болған. Қызық. Білесіз бе? Кеше өзіңіз армандаған нәрселердің барлығын өзіңіз көрмесеңіз де бүгін балаларыңыз көріп жатыр. Сол кезде барлығымызға төзіп, барлығымыздың қырсық мінезімізді көтеріп, сабағымызды оқытып, оң тәрбие бердіңіз, әрине, шүкір. Бірақ ештеңеміз болмаған қиын сәттерде өмір сүрдіңіз, еңбектің жемісін көре алмай, жастай кеттіңіз. Осыны кейде еске алып, бір жылап аламыз. Анашым, Сіз көпшіл едіңіз, бізбен қатар үйде 12 қайныңыз болды. Барлығына ақылыңызды айтып, жол сілтеп отыратынсыз".
Кезінде тақтаға боқ лақтырып, айқайлап ойнайтын ерке қызы қазір үш баланың анасы екені де хатта айтылады. Үйдегі барлық орамалды үстіне байлап алып, таң атқаннан Жанар Дұғалованың әнін айтып, құлақты ашытатын Сымбат қызы қазір әнші болғаны жеткізіледі.
"Сіз кеткенде төрт жаста болған ең кенже бөпең қазір 8-сыныптың үздік оқушысы. Сіздің жоқтығыңызға үйренісу үшін әкем көп қиналып, бізге қатты тырысты. Аяғымызға тік тұрғызу үшін күн-түн демей еңбектенді. Аллаға шүкір, әкемнің де жағдайы жақсы. Сіз кеткен соң орныңызды жоқтатпай, аналық мейірімін төккен Фариза апамыз үйімізге келді. Бізбен сырлас дос, кез келген уақытта "балам" деп жылулығын шашады. Мама, қазір жанымызда болғаныңызда бар жақсыны беріп, өзіңізді бақытты сезіну үшін алақанымызда аялаушы едік. Құрбыларыңыздың қасында құлпыртып жүргіздік, қалаған затыңызды қалай да алып беріп, Сізді қуанту үшін барлығын жасайтын едік. Әттең, Аллах Сіздің әппақ жүрегіңізді ластағысы келмеген шығар бұл жалған дүниеде. Балаларыңыз Сіз үшін дұғада, жаныңыз жәнатта болсын, анашым!", деп аяқталады хат.
Хат оқылып біткенге дейін тойға жиналған қауым көздеріне жас алып, көңілдері қатты босады. Әсіресе, әнші Абай Бегей қатты дегбірсізденіп кетті. Оны Сәкен Майғазиев келіп құшақтап, сабырға шақыруға тырысты. Одан кейін той әдеттегі салтымен думанға ұласты.