Көрме халқымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен дүниетанымынан сыр шертеді. Келушілер ханымдар киген қасабаны да тамашалады. Тіпті ұмытыла бастаған бас киім түрлері - аққалпақ, күләпара мен далбағайды да осы жерден көруге болады. Ал көпшіліктің назарын аударған басты жәдігер - XIX ғасырдың сәукелесі, деп хабарлайды 24.kz.
"Қазақ қызы сәукелені ұзатылғаннан бастап барған жерінде салтанатты тойда, содан кейін балалы болғанға дейін киген", - дейді ғалымдар.
"Кейбір деректер бойынша кезінде Кенесарының ағасы Саржан төренің бағалауы бойынша кіші жүздегі бір атақты байдың қызының жасатқан сәукелесін 500 жылқыға теңестірген екен. Бірінші ұзатылатын қыз кимейді, оның жеңгесі киіп, сәукеле дайын болды деп, ауылды аралап, соған көрімдік алған". Филология ғылымдарының докторы Рүстембек Шойбеков
"Бізге дейін бас киімдердің көп нұсқалары, түрлері, өкінішке қарай жетпей қалды. Біз қазір көбіне көріп жүргеніміз тек 10 пайызы десек болады. Күнделікті тұрмыстағы тақиялар, кимешектің кейбір түрлерін ғана көріп қалып жүрсек, ал қаншама бас киімдер тарихи суреттерді және де музей қорларында сақталып тұр". Этнодизайнер Тілек Сұлтан
Бұған дейін еліміздегі Ұлттық музейге жаңа мәртебе берілгені хабарланған.