Complex басылымының мәліметінше, жанжал 9 қазанда серуендеу кезінде болған. Музыканттың қарсыласы Ямайкадан шыққан, есірткі саудасы үшін сотталған және 23 жылға бас бостандығынан айырылған Кристофер "Дудус" Коук болуы мүмкін.
Дереккөздердің айтуынша, Комбс басынан жарақат алып, түрмеден тыс медициналық мекемеге жеткізілген. Нақтырақ айтқанда, 10 қазанға қараған түні шамамен сағат 01:00-де түзеу мекемесінің маңынан жедел жәрдем көлігі байқалған. Таңғы сағат 07:00-ге дейін рэпер түрмеге оралған. Мәліметтерге сәйкес, оның жарақаты өміріне қауіп төндірмеген.
Шетелдік БАҚ жанжал түрмеде рэперге жасалған болжамды артықшылықтар туралы NBC News жариялаған материалдан кейін тексерулердің күшеюіне байланысты болуы мүмкін деп топшылайды.
Мақалада кейбір сотталушылардың Комбсқа тамақ әзірлеу, бөлмесін жинау және массаж жасау үшін ақша алғаны айтылған. Жарияланымнан кейін түрме әкімшілігі тексеру жүргізіп, ұялы телефондарды қоса алғанда, тыйым салынған заттарды тәркілеген. Дереккөздердің мәліметінше, телефоны тәркіленген сотталушылардың арасында Коук та болған.
Хабарларға қарағанда, болжамды төбелестен кейін екі сотталушы да екі аптаға оқшауланған жағдайда ұсталатын болған.
Комбс 2025 жылғы шілдеде жезөкшелікпен айналысу мақсатында адамдарды тасымалдауға қатысты екі айып бойынша кінәлі деп танылып, 50 айға бас бостандығынан айырылған. Ал сексуалдық қанау мақсатында адам саудасына және қылмыстық сөз байласуға қатысты неғұрлым ауыр айыптар бойынша ақталған. Рэпер сот үкіміне шағым түсіріп жатыр.
АҚШ-тың Федералдық түрмелер бюросы нақты сотталушылардың түрмеде ұсталуы мен денсаулық жағдайына қатысты ақпаратты құпиялылық және қауіпсіздік талаптарын алға тартып, түсініктеме беруден бас тартқан.
Бұған дейін P. Diddy-дің түрмеден жедел жәрдем көлігімен жеткізілгені хабарланған болатын.