Fox News басылымының жазуынша, Депп аралдағы ағаш үйді 2004 жылы сатып алған. Кейін ол сол жерге киіз үй тігіп, жеке көркемсурет шеберханасын ашқан.
"Мен дәл осы жерден толық тыныштық таптым. Мұнда ешкім маған камерасын бағыттап, қадала қарамайды. Өнер әлі де менің панам болып қала береді. Ол айналамдағы әлемді түсінуге көмектеседі", – деді актер.
Аралда Депп кітап оқиды, гитарада ойнайды және сурет салады. Бұған дейін ол бұл мекенді көпшіліктің назарынан алыстап, өзін қарапайым адам ретінде сезінуге мүмкіндік беретін орын деп атаған.
Сонымен қатар актер балаларының мансабына қалай әсер еткені туралы да айтты. Оның сөзінше, тұңғышы дүниеге келгеннен кейін өмірге деген көзқарасы өзгеріп, не үшін жұмыс істейтінін түсінген.
"Алғашқы балам дүниеге келгенде, көзімдегі перде ашылғандай болды. Кенеттен осының бәрі не үшін қажет екенін түсіндім", – деп мойындады Депп.
Актердің бұрынғы сүйіктісі, француз әншісі әрі актриса Ванесса Парадиден екі ересек баласы бар. Олар – қызы Лили-Роуз және ұлы Джек.
Еске салайық, бұған дейін Джонни Депптің "Кариб теңізінің қарақшылары" франшизасына қайта оралу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланған болатын.