Қазақ телевизиясының алғашқы дикторларының бірі Зұлхия Жұматова дүниеден өтті
Сурет: instagram.com/informatorkz
Зұлхия Жұматова 1920 жылғы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген.
1958 жылғы 8 наурызда ол Нелли Омаровамен бірге Қазақ телевизиясының алғашқы эфирін ашқан дикторлардың бірі болды. Зұлхия Мұқанқызы қазақ тіліндегі алғашқы телевизиялық хабарды жүргізсе, Нелли Омарова орыс тіліндегі хабарды көрерменге ұсынды. Осылайша, олар отандық телевизия тарихының бастауында тұрды.
1958-1970 жылдары Қазақ телевизиясында еңбек етіп, ұлттық телеэфирдің қалыптасуы мен дамуына, қазақ тіліндегі дикторлық өнердің өркендеуіне үлес қосты.
Телевизиядағы қызметімен қатар әдеби шығармашылықпен де айналысты. Балаларға арналған өлеңдер мен шығармалар жазып, аудармамен шұғылданды. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында басшылық қызмет атқарды.
Ұлттық телевизияның дамуына сіңірген еңбегі үшін 2026 жылғы 28 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Зұлхия Жұматованы "Құрмет" орденімен марапаттаған.
Министрлік өкілдері қазақ телевизиясының бастауында тұрған тұлғаның ұлттық мәдениет пен руханиятқа сіңірген еңбегі ел жадында сақталатынын атап өтті.