Автобуспен жүру үшін әдетте ерекше дайындық қажет емес. Алайда кейде сапар күтпеген жерден аяқталып, жолаушылар жол үстінде заттарын жоғалтып алады. Көбіне алматылықтар асығыстықтан немесе алаңғасарлықтан автобустың ішінде жеке заттарын ұмытып кетеді. Соның салдарынан жүргізушілер жолаушылар қалдырып кеткен түрлі бұйымдардың тұтас топтамасын жинауға мәжбүр.
Табылған заттардың тізімі де әртүрлі. "Алматыэлектротранс" ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, жолаушылар автобустарда көбіне қолшатыр, азық-түлік салынған шағын пакет, мектеп құралдары, рюкзак, спорттық киім және музыкалық аспаптарын ұмытып кетеді.
"Жүргізушілер диспетчерлерге әйелдер сөмкесін, түскі асқа арналған контейнерлерді, ерлердің шағын сөмкелерін, сымсыз құлаққаптар мен олардың қаптарын жиі тапсырады. Табылған заттардың арасында құжаттар мен "Оңай" көлік карталары да бар. Олардың басым бөлігі оқушыларға, студенттерге және зейнеткерлерге тиесілі", – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Сурет: Zakon.kz.
Дегенмен автобуста ұмыт қалған заттардың арасында күтпеген олжалар да кездеседі. Кейде жолаушылар салонда шағын қол жүгін ғана емес, жоғалғанын байқамай қалу мүмкін емес көлемді заттарды да қалдырып кетеді.
"Жолаушылар автобуста ет салынған ауыр пакеттерді, қысқы киімдер салынған сөмкелерді және басқа да көлемді заттарды ұмытып кеткен жағдайлар болды. Алайда табылған заттардың бірі тәжірибелі жүргізушілердің өзін таңғалдырды. Бірде жолаушы автобуста кілемін ұмытып кеткен", – деп бөлісті компания өкілдері.
Кейде жолаушылар қоғамдық көлікте заттарын ғана емес, жақындарын да ұмытып кететін жағдайлар кездеседі. Автобуспен жүру тарихында аялдамадан түсіп қалғанымен, балалары немесе қарт туыстары көлікте жалғыз қалып, жолын жалғастырған оқиғалар да бар. Мұндайда әзілге орын жоқ. Ұмыт қалған қолшатырдан айырмашылығы, мұндай жағдай шұғыл әрекет етуді талап етеді.
Ұмыт қалған заттар қайда сақталады?
Егер жүргізуші немесе басқа қызметкерлер сапар барысында жоғалған затты тауып алса, оны кешкі уақытта автобус паркке оралған кезде диспетчерге тапсырады.
Табылған барлық зат автобус паркінің диспетчерлік қызметінде сақталады. Компанияда арнайы жоғалған заттар бюросы жоқ, алайда оларды есепке алу және иелеріне қайтару жұмыстары диспетчерлер арқылы орталықтандырылған түрде жүргізіледі.
"Тез бұзылатын азық-түлік өнімдеріне қатысты бөлек тәртіп қарастырылған. Олар бір тәулік сақталады, содан кейін кәдеге жаратылады. Ал кілттер мен ұялы телефондарды қоса алғанда, басқа заттар Қазақстан Азаматтық кодексінің "Табылған зат" деп аталатын 245-бабына сәйкес сақталады", – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Жоғалған затты қалай қайтаруға болады?
"Алматыэлектротранс" ЖШС автобустарында жеке заттарын ұмытып кеткен жолаушыларға компанияның сапа бөліміне +7 708 630 15 18 нөмірі арқылы хабарласу ұсынылады.
Маңыздысы, бұл нөмір тек SMS және WhatsApp-тағы мәтіндік хабарламаларға арналған. Дауыстық қоңыраулар қабылданбайды.
"Жолаушы хабарласқаннан кейін оны тиісті бағыттың диспетчеріне бағыттайды. Жүргізуші табылған затты сол диспетчерге тапсырған болады. Егер зат басқа тасымалдаушының автобусында ұмыт қалса, оны іздеу үшін тиісті бағытқа қызмет көрсететін компанияға хабарласу қажет", – деп кеңес берді "Алматыэлектротранс" өкілдері.
Сондықтан сәтсіз сапардан кейін бірден жаңа құлаққап сатып алуға немесе сүйікті қолшатырыңызбен қоштасуға асықпаңыз. Бәлкім, ол қазірдің өзінде диспетчерлік қызметте иесін күтіп тұрған шығар. Ең бастысы – автобустың нөмірін, бағытын және шамамен қай уақытта жүргеніңізді еске түсіру. Бұл іздеу жұмысын едәуір жеңілдетеді.