Роспотребнадзор басшысы Анна Попова ағзада коронавирустың бар-жоғын көрсететін ПТР тесттің жарамдылық мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартылатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Lenta.ru сайты аталған шешім коронавирустың қауіпті әрі жаңа түрі "омикрон" штаммының таралуына байланысты қабылданғанын жазды. Роспотребнадзор басшысы қазіргі тест жүйесінің аурудың бар-жоғын ғана емес, сондай-ақ адам қандай штамм жұқтырғанын да анықтауға мүмкіндік беретінін айтты.
Мекеме басшысының айтуынша, Ресейде "омикрон" штаммы тіркелген елдердің азаматтары үшін тегін ПТР тестілеу ұйымдастырылған. Атап айтқанда, бұл COVID-19-дың "омикрон" штаммы алғаш рет табылған Оңтүстік Африка елінен келгендерге қолжетімді.
Попова Ресейде "омикрон штаммы" әлі анықталмағанын атап өтті. Ол вирустың генетикалық құрылымын бақылау аясында зерттеулер үнемі жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ресейде осы уақытқа дейін жалпы коронавируспен 9,6 миллионнан астам адам ауырған. Оның ішінде 275 мың адам қайтыс болса, 8,3 миллион адам емделіп, ауруханалардан сауығып шықты.