Құзырлы ведомствоның мәліметінше, Жаңаөзендегі бір ставкадағы жедел жәрдем жүргізушілері орташа есеппен айына 90 мың теңге жалақы алады.
Бұрын жүргізушілердің өтініші бойынша 2020-2021 жылдары үстемеақы қосу бастамасы ұйымдастырылған. 2022 жылдың 1 наурызынан бастап 10 ай мерзімге қосымша үстемеақы төлеу туралы шешім қабылданды, яғни 40 мың теңге. Жалпы алғанда, сонда бақылау кеңесінің шешімі бойынша жалақының үстінен 90 мың теңге төленді, – деп келтіреді "Лада" облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылардың сөзін.
Наурыз, сәуір, мамыр, маусым және шілде айларындағы жалақыға үстемақы төленді. Сондай-ақ, жүргізушілер 22 наурыз бен медицина қызметкерлері күніне орай сыйақы алды.
Бұл шара маусым айында уақытша болғандықтан әрі жалақыны төлеу тетігінің қарастырылмауына байланысты жергілікті атқарушы органдар тамыз айынан бастап жалақымен қоса берілетін 40 мың теңге мөлшеріндегі үстемақыны қиып тастау туралы шешім қабылдады. Соған сәйкес 30.06.2022 жылы "Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясы" ШЖҚ МКК барлық қызметкерлеріне үстеме ақы төлеу бойынша бұрын қабылданған шешімнің күшін жою туралы тиісті хабарламалар таратылды, - деп жауап берді ведомстводан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің пікірінше, бұл арада табысы көрсетілген қызметтер есебінен ғана түзілетін медициналық ұйымның нақты мүмкіндіктерін басты назарға алу керек.
Айта кетсек, ұйымдағы дәрігер персоналдың орташа жалақысы – 275 809 теңге, орташа медициналық қызметкердің орташа жалақысы – 222 008 теңге.
Біз жүргізушілерден жоғарыда аталған жағдайларды ескеріп, барлығына түсіністікпен қарауды сұраймыз, жедел жәрдем жұмысын тоқтатуға болмайды және бұлайша шұғыл медициналық көмекке мұқтаж адамдарды тағдыр тәлкегіне қалдыруға болмайды, – дейді шенеуніктер.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы мәселенің оңтайлы шешімін табу үшін уәкілетті органдармен кеңесіп жатқандарын айтты.
Ультиматум талабы - тығырықтан шығар жолды көрсете алмайды, өйткені Сіздердің жұмыстарыңызға адам өмірі байланып отырғанын ескеру керек. Қордаланған мәселелерді қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен сындарлы диалог арқылы шешу қажет, - деп түсіндірді ведомстводан.
Айта кетсек, 10 тамызда Маңғыстау облысының жедел жәрдем қызметкерлері видеоүндеу жариялап, орташа жалақыларын 350 мың теңгеге дейін өсіруді талап етті. Наразылыққа Жаңаөзен, Ақтау мен Бейнеу ауданы, Ақшұқыр және өзге елдімекендегі жедел жәрдем қызметкерлері қосылды.