Жаңаөзенде жұмыстан шығып қалған жедел жәрдем қызметкерлері басшылықты сотқа бермекші

Жаңаөзенде қызметтік құқығын талап етіп, ереуілге шыққан жедел жәрдем қызметінің 60 қызметкері жұмыссыз қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

20 қыркүйекте Жаңаөзен қаласының фельдшерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері жұмысқа шықпады әрі сот шешімімен жұмыстан босатылған 11 әріптесін қолдау үшін өзгелері де өз еркімен жұмыстан босату туралы өтінішке қол қойды. Ол кезде олардың бұл өтінішіне ешкім қол қоймаған.

21 қыркүйекте олар жұмыстан кетуге мәжбүр болғандарын айтты. Сот шешімімен әріптестерін жұмыстан шығарған соң "өз еріктеріңмен кетпесеңдер тура солар секілді статьямен жұмыстан шығасыңдар" деп қорқытқан.

Еңбек кітапшасында "сот үкімімен жұмыстан шықты" деген жазбаны болдырмас үшін олар өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазуға мәжбүр болған. Қазір бұйрыққа қол қойылып, 60 адамның қолына еңбек кітапшалары ұстатылды.

Біз өз керегімізді талап еттік: үстеме ақыны, жаңа жұмыс киімдерін және әлеуметтік пакетті. Бірақ сот бізді заңсыз ереуілге шықты деп санады. Сот шешімін орындамаған соң 11 әріптесімізді жұмыстан шығарып жіберді, ал қалғанымызға жұмысқа шығуды бұйырды, бірақ біз наразылықты тоқтатпадық, өйткені әріптестерімізді негізсіз жұмыстан шығарды деп санаймыз. Статьямен жұмыстан шығармас үшін бәріміз өз еркімізбен жұмыстан босатуды сұрап, өтініш жазуға мәжбүр болдық. Бізде басқа таңдау болмады. Станция қызметкері Елжас Жұмағалиев

Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Амантай Досжанов олардың бұл сөзін жоққа шығарды.

Оларды ешкім қудалаған жоқ, қысым жасамады, олар өз еркімен кетті. Жұмыссыздыққа байланысты қазір жұмысқа орналасқысы келетіндер көп, сондықтан біз оларды жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Амантай Досжанов

Фельдшерлер мен жүргізушілер жедел жәрдем станциясының басшылығын сотқа бергісі келетіндерін жеткізді.

11 және 12 қыркүйекте жедел жәрдем қызметкерлері жұмысты тоқтатып, ереуілге шықты. Олар жалақыны көтеруді, әлеуметтік пакетті және фельдшерлер мен жедел жәрдем бригадасының штат санын көбейтуді талап етті.

Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясы ереуілді заңсыз деп тануды сұрап, сотқа жүгінді. Сот шешіміне сәйкес, 11 адам жұмыстан босатылды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: