Атырау облысында өрт салдарынан 6 отбасы үйсіз қалды. Жергілікті атқарушы билік өкілдері өрт кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге барынша күш салуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мақат ауданы әкімінің аппаратынан хабарлағандай, өрт Доссор кентінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында кеше сағат 15.50-де болған.
«Өрттің салдарынан 6 отбасы көшірілді. Барлығы - 26 адам, оның ішінде балалар да бар. Барлық зардап шеккен отбасылар С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа орналастырылды. Алайда өрт салдарынан зардап шеккендер туыстарының және достарының үйлерінде тұрамыз деген тілек білдірді»,- деп хабарлады аудан әкім аппаратынан.
Қазір барлық шығын көлемі нақтылануда. Сондай-ақ, өрттің шығу себебін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан зардап шеккендерді орналастыру бойынша барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Сол сияқты, күйік шалғандарды тамақтандыру мәселесі де ретімен шешіліп жатыр.
Атырау облысының ТЖД-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт Мақат ауданының Доссор кентіндегі Ауқатов көшесінде орналасқан алты пәтерлі барақ үйде болды.
«560 шаршы метрді жалмаған жалын келесі пәтерлерге таралған. Өрт сағат 19.54-те ауыздықталып, 22.00-де жойылған. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады департаменттің таратқан хабарламасында.