Алматыда "Жедел жәрдем" көлігі жол-көлік оқиғасына ұшырап, нәресте көз жұмды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға 17 наурызда Рысқұлов пен Шәріпов көшелерінің қиылысында орын алған. Оның видеосы куәгерлердің регистраторына түсіп қалған. Видеодан көрінетіндей, арнайы жылтыл шамдарын жағып келе жатқан "жедел жәрдем" көлігі бағдаршамның жасыл шамына өте бергенде оған солға бұрылыс жасаған Toyota жеңіл көлігі соғылады.
Кейін анықталғандай, жедел жәрдем жүкті әйелді апара жатқан. Жол апатынан кейін ол басқа жедел жәрдем көлігіне жатқызылып, ауруханаға жеткізілген.
Өкінішке қарай, нәрестенің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Дәрігерлер оның тұншығып қалғанын айтты. Көп қан жоғалтқан әйел реанимацияға түскен. Күйеуінің айтуынша, әйелі бүгін, 19 наурызда реанимациядан шығып, палатаға жатқызылды. Нәресте кеше жерленді.
Жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жүріп жатыр.
Жеңіл көліктің ішінде болған екі қыз бен "жедел жәрдем" қызметкерлері жеңіл жарақаттармен құтылды.