Алматы қалалық Полиция департаменті спортшы Дмитрий Баландиннің автокөлік айнасының ұрланғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
- Д.Баландин есімді азаматтың автокөлік айнасының ұрлану дерегі бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 188 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қаланың Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінің көмегімен осы қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бейне камераларына жазылған деректер талданды. Қаскөйдің жеке басына қатысты мәліметтер анықталды. Оны қолға түсіру – уақыт еншісінде. Қазіргі таңда жедел-іздестіру қызметкерлерімен ұрланған айнаны іздестіру және тәркілеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты ұрланған мүлікті сатуы мүмкін деген жерлер тексерілуде, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, күдікті сол түні және сол жерде Range Rover маркалы автокөліктің айналарын ұрлап кеткен. Тергеу жүргізілуде.
31 наурыз күні Құрманғазы, Абылай хан және Байсеитова көшелерінің аумағында жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің автокөлігінің қапталындағы айнасының ұрланғаны белгілі болды.
ІІМ Баландиннің көлік айналары ұрланып жатқан сәттің камералараға түсіп қалғанын хабарлап отыр.
Алматыда осы жылы ұрлықтардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге азайған, "ізін суытпай" осыған ұқсас сипатта ұрлықтардың жартысынан астамы анықталды. Жыл басынан бері осындай қылмыс жасаған 30 астам адам ұсталды, автокөліктерден ұрлық жасаған 3 қылмыстық топтың жолы кесілген.