ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің брифингінде қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин Жаркентте болған оқыс оқиғаның мән-жайын айтты. Ол жерде үш полицей мен Ұлттық бюро қызметкерлері арасында атыс болған, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
- Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі ішкі істер органдарындағы арам ниетті қызметкерлерді әшкерелеу жұмысын жалғастыруда. Панфилов ауданында полиция майоры, ЖПҚ бастығы – полиция майоры және сол ауданның полиция патруліндегі екі сержанттың парақорлықпен айналысқаны анықталды. Олар ҚР ҚК 339 бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында бұрын тәркіленген 2491 дана ондатр терісін қайтарып беру үшін жергілікті тұрғыннан 700 мың теңге пара алған. Қазір тергеу жүріп жатыр, – деді ол.
Сондай-ақ, Бердалиннің айтуынша, ұстау кезінде патруль полициясы қызметкерлерінің бірі жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің тергеу тобына қарата үш рет оқ атқан.
– Нәтижесінде үш қызметкер қылмыс орнынан қашып кетті. Аталған дерек бойынша Панфилов ауданының полиция бөлімі ҚР ҚК 380 бабы 3 б, 5 п. бойынша сотқа дейінгі іс тіркеді. Қазір қашып кеткен тұлғалар іздестірілуде,– деп қосты Бердалин.