Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қымбат маркалы ішімдіктердің түрлерін өндіріп келген астыртын цехті анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы облысының Экономикалық тергеу департаментіне сілтеме жасап.
Облыс бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Іле ауданында жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында спиртті сусындарды тасып, таратып жүрген ер адамды ұстаған. Оның көлігінен шығу дерегі күмән тудыратын алкогольдік өнімдердің бар екені анықталады.
Одан әрі қарайғы тексеріс жұмыстарын жүргізу барысында спирттік сусындарды шығаратын астыртын цех табылған.
Жасырын цехты тексеру кезінде Absolut, Хортица, Воздух, Мороша, Бульбаш, Царская, Зерно сияқты дайын алкогольдік өнімнің 800-ден астым бөтелкесі, шығу дерегі күмән тудыратын акциз маркалардың 2100 данасы, көлемі 160 литр болатын спирт, бос бөтелкелер мен қақпақтар, сонымен қатар алкогольді өнімді дайындауға және құюға арналған 25 литрлік бөшке анықталып, тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша, спирттік сусындар нарықтағы құннан арзандау бағамен Алматы мен Алматы облысының аумғында сатылып келген.
Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 233 (акциздеуге жататын тауарларды белгілеу тәртібі мен ережесін бұзу) бабына сәйкес сот алды тергеу жұмыстары жүріп жатыр.