Алматы облысында тәртіп сақшыларына төбелескіш итін айтақтаған Талғар ауданының 40 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық өндіріс қозғалды, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Кеңдала ауылында орын алған. 2 мамырға қараған түні қоңырау бойынша келген патрульдік полицейлер отбасылық жанжал шығарған жергілікті тұрғынды тыныштандыруға тырысқан. Дегенмен, ішімдік ішкен азамат полицейлерге қарсылық көрсетіп, оларға "алабай" тұқымдас үлкен итін айтақтаған.
"Тәртіп сақшылары қару пайдалануға мәжбүр болған және ит жараланған. Ал, ит иесі сол мүмкіндікті пайдаланып, оқиға орнынан қашып кеткен. Кеше тәртіп сақшылары құқық бұзушының мекен-жайын анықтады және оны ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Іс материалдары Талғар аудандық полициясының өндірісінде. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды", - деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ведомство өкілдері жыл басынан полицейлерге қабаған иттерін айтақтаудың бұл екінші дерегі екенін айтты.
"Жыл басында Текелі қаласында "бультерьер" итінің иесі полициядан бой тасалау мақсатында тәртіп сақшыларына итін айдап салған. Нәтижесінде, бір полицей дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Осы дерек бойынша құқық бұзушы сот шешімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылды", - деп атап өтті ведомство өкілдері.