Алматыда үш рет сотты болған адам жол талғамайтын көлікті ұрламақ болды

Қазіргі таңда күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы анықталып жатыр.

Алматының полиция қызметкерлері қымбат жол талғамайтын көлікті ұрламақ болған рецидивистті ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Бұған дейін ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін үш рет сотты болған 1992 жылы туған азамат "Toyota Land Cruiser 200" маркалы көлікті айдап әкетіп бара жатқан жерінде қолға түсті. Із кесушілер оны жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде ұстады, - делінген ПД таратқан ақпаратта.

Құрықтау шарасы түнгі сағат 03:25 шамасында "Тастақ" шағын ауданында жүргізілді.

- Қаскөйдің тұрғын үй кешенінің тұрағына түсіп, сосын кілт таңдау арқылы бөтеннің көлігіне мініп, артынша оны оталдырып өзнің көлігі сияқты айдап әкеткені анықталды. Тура қылмыс үстінде ұсталған күдікті сол жерде қылмысын мойындап, көлікті айдап әкеткенін мойындады. ҚР ҚК 200 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп, күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы анықталып жатыр, - деді Алматы қаласы ПД Криминалды полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Есен Ысқақов.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: