Алматы облысындағы саяжайлардың бірінде өзінің ерсі қылығымен әйел және балалардың зәресін ұшырған 26 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz өңірдегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
Шілде айының соңында әлеуметтік желілерде қала маңындағы ауылдардың бірінде әйелдерді тырқырата қуып, одан соң шалбарын шешіп, өз-өзінен қозып, содан соң тығылып қалатын еркек жайлы видео тараған болатын. Бұл оқиғаны алыстан түсіріп алған әйел оны желіге жүктеген соң, полицияға шағым түсірген.
- Видеоның сапасы нашар, алайда аталған іс бойынша күдіктіні анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Мұндай оқиғаның қайталанбасы үшін ауылға патруль қойылды. Келесі күні Іле ауданының полиция қызметкерлері Өтеген батыр ауылының 26 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам бәрін мойындап, өзінің бұл ерсі әрекетін мас болуымен түсіндіруге тырысты, деп хабарлады Алматы облысы бойынша ДП баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған адам ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылуда.
"Ұсталған ер адамның облыста тіркелген басқа да құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатысы бар-жоғы міндетті түрде тексеріледі", - деп толықтырды облыстық ІІД баспасөз қызметі.