Шымкент дәмханасында атылған оқтан 5 адам жараланып, біреуі қаза тапты. Қазір полицейлер қару кезенгендерді іздеп жатыр. Қанды қылмыс ірі көлемдегі ақшадан туған деген дерек бар. Куәгер осылай айтады. Бірақ, әзірге полиция мұны растамай отыр, деп хабарлайды Zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
"Оқыс оқиға Шымкенттегі Арғынбеков көшесінің бойыншағы дәмханалардың бірінде болды. Кеше күндізгі бестерден өте қоғамдық тамақтану орнына қарумен кірген белгісіз біреулер келушілерге оқ жаудырған. Бес адам түрлі дене жарақатын алып, бір адам оқиға орнында жан тапсырған. Қала шетіндегі "Сүндет" кафесінде бүгін өлі тыныштық. Қанды қылмыстың болғанын ауладан көшеге дейін шашырай аққан қан іздері ғана айғақтап жатыр. Дәмханадағылар болған жайтқа қатысты қандай да бір мағлұмат беруден бас тартты. Ал біздің қолымызға түскен мына фотода бір күдіктінің дәмханаға қару кезенген күйде кіріп келе жатқаны анық түскен. Бірақ бет-жүзі көрінбейді. Ал ғаламторға тарап кеткен мына бейнежазбада полицейлер әлдекімдердің қолын қайырып, арнайы көлікке отырғызып жатыр. Тағы бір жазбада еденде екі адамның жатқаны түсіп қалған. Дәмханада болған жағдайды көзбен көрдім дегендер жоқ. Дегенмен маңайдағылар оқ атылғанын естіген", - дейді телеарна тілшісі.
КӨРШІ:
- Үйге есікті ұрды. Хозяин келді ме, маған "қарамаңдар" деді да, кішкентай балалары бар еді соны кіргізіп жіберді, болды. Содан "қарамаңдар, қарамаңдар" деді. Мені өзім түсінген де жоқпын.
- Атысты есіттіңіз ба бірақ өзіңіз?
- Тақылдап жатқанын есіттім.
Дәріханашы:
- Оны біз ит атып жатыр деп ойладық та негізінде, кейін мен шықтым, әпше магазинде болған. Мен мына жерге шықсам машиналар толып кеткен. ГАИ-лер толып кеткен.
Дүкенші апай:
- Кіргендерден сұрап тұрдық не болды екен дедік. Жастар, деді , атыс болды,- деді, болды.
Оқтың не себепті атылғаны әзірге белгісіз. Қазір қылмыс орнынан алынған бірнеше атыс құралы сараптамаға жіберілген. Оқиға орнында сондай-ақ қомақты ақша да табылған. Оның бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы да белгісіз. Шаһардың бас полицейі екі күдікті бар деп отыр. Ол бұдан өзге ақпараттарды жарияламады. Бір белгілісі оқиға орнында болғандардың арасында сотты болғаны да бар.
Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
- Ол қылмыс істеген адамдар, бәрі белгілі, анықталды. Қазір ұстау шаралары жүргізіліп жатыр, құдай қаласа жақын арада ұстап, оның бәрін әркім өз тиісті жазасын алады. Оған сеніңіздер.
Телефон арқылы ақпарат берген дәмхана иесі өзінің отбасының бұл жанжалға еш қатысы жоғын айтады. Оның айтуынша, оқ атылардан 15 минут бұрын бір топ жігіт дәмханаға кірген. Тапсырыс беріп үлгермеген оларға сырттан келгендер қару кезенген көрінеді. Ал жарақат алғанның бірі өзінің күйеуі екенін айтты. Ол қарулы адамдарды көріп, шошып екінші қабаттан секірген. Әйелі күйеуінің сөзінен ұққаны, біреу біреуге процентпен ақша берген, тағы біреуі біреуіне қарыз секілді. - Тіпті, олар дәмханадан тапсырыс беріп ештеңе де алған жоқ, - дейді кафе қожайыны.
Өткіржан МОЛДАХАНОВ, № 1 ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІ:
- Төрт науқасқа да оқ тиген, бытыраның оғы. Бірінші науқас - 1984 жылғы, оқ жарақатынан кейінгі іш аймағындағы аш ішек пен тоқішектің жарақаты. Бір науқас бас миының ашық жарақаты болды. Нейрохирург дәрігерлер ота жасағаннан кейін ол кісі де жансақтау бөлімінде. Біреуі беткей жарақат болуына байланысты хирургия бөлімінде, ал екінші науқас оң аяғының балтырына фиксация жасалынды. Қазіргі таңда травматология бөлімшесінде.
"Айта кетейін, ауруханада жатқандарға қазір ешкімді жақындатып жатқан жоқ. Олар арнайы жасақтың бақылауында. Бір байқағанымыз мұндай күзет палатаға ғана емес, аурухана маңына да қойылған", - дейді телеарна тілшісі.