Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары көршілерінің төрт және екі жастағы баласы тойып тамақ ішпей, әкесінен оңбай таяқ жегенін айтып хабарласқан еді. Аштықтан бұратылып ауру тапқан екі бүлдіршін расымен де қазір ауруханада жатыр. Ал аудандағы атқамінерлер дәрігерлермен қосылып, "ұрды-соқты" деген ақпаратты жоққа шығарып әлек, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Иван Черных, Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- 24ші қазан күні құзырлы мекемелердің келісімінен соң екі баланы бізге алып келді. Жағдайлары орташа болды. Екеуі де арып-ашып, әлсіреген. Балалардың дамуы баяу және салмағы аз. Тойып тамақ ішпегені көрініп тұр. Бірақ, денесінде еш жарақат немесе көгерген белгі жоқ.
"Әкімдік өкілдері мен дәрігерлер әке-шешесінің қарсылық танытқан қолхатын жайып салып, ауруханадағы балаларды тілшілерге көрсеткен жоқ. Ауданның атқамінерлері бүлдіршіндердің "жағдайы жақсы" дегенімен, екі баланы жақын күндері Қордайдан Тараз қаласына ауыстырмақшы. Белгілі болғаны, ауруханада жатқан екі баланың еш құжаты болмаған. Ал қазір үшінші сәбиін босанып перзентханада жатқан анасы – Қырғызстан азаматы. Ең сорақысы, тойып тамақ ішпеген ұл мен қыз әлі де тағдыр тауқыметін тартып жүре беруі мүмкін еді. Егер келіншектің Қырғызстандағы туысқандары "қызым хабарсыз кетті" деп арызданбаса. Құзырлы орындар іздеу салып, кейін отбасын тапқан кезде бүлдіршіндердің мүшкіл халін көріпті", - дейді телеарна тілшісі.
Алина Почуева, Қордай аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның хатшысы:
- Олар бір жерде тұрақты тұрмаған. Біресе Алматы облысын, біресе осы жақты мекен етіпті. Үлкен ұл мен жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігін жасадық. Екінші қызы Қырғызстанда дүниеге келген. Оның да құжаты қалпына келтірілді. Тіпті отағасыны әкелік құқығынан айыру мәселесін жоққа шығармаймыз. Ал анасы Қырғызстан азаматы болғандықтан, сол жақтағы комиссияға жіберіледі.