Ақтөбеде үш емдеу мекемесі қабылдамай қойған 5 жасар қыздың өліміне байланысты арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тәуелсіз комиссия құрып, баланың өлім себебін анықтауға кірісті.
"Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің, облыс әкімінің бақылауына алынды. Комиссия құрамында өзге облыстың дәрігерлері мен білікті мамандары бар. Тәуелсіз бақылау жүргізіледі. Баланың үш емдеу мекемесінің қабылдау бөлімдерінде жүріп қалғанын растаймыз. Бұл – дұрыс емес және алдағы уақытта қатаң шара қолданылады. Баланың нақты қай жері ауырғанын енді тәуелсіз комиссия анықтап, хабарлайды. Алдын ала болжам бойынша, вирусты инфекция миды және тыныс алу жолдарын жансыздандырған", - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.
Оның айтуынша, бала 6 күн бойы ауырып, жетінші күні жедел жәрдем шақырған.
"Балабақшада жүргенде қызуы көтеріліп, арада апта өткенде ғана дәрігерлерге жүгінген. Бұл – менингит емес, жедел респираторлық-вирустық инфекция", - деді С.Есенаманова.
Айта кетейік, науқас қыз алдымен, жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Ол жерден жұқпалы аурулар ауруханасына, одан әрі қалалық балалар ауруханасына жолданған.
"Емханадан жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Педиатр, нейрохирург қарап, жұқпалы аурулар ауруханасына жіберген. Ол емдеу орны науқасты қабылдамай, қосымша кеңес алу үшін қалалық балалар ауруханасына сілтеді. Бұл – дұрыс емес. Жұқпалы аурулар ауруханасы қажетті маманды емдеу орнына шақыруы тиіс еді. Содан соң бала қалалық балалар ауруханасына барып, жұқпалы аурулар ауруханасына қайта келіп, ауруханада көз жұмды. Анықталғаны осы", - деді басқарма басшысының орынбасары.