Ұшақтағы апат есігін ашқан жігіт: "Өзіміз үйге таксимен қайттық"

Ол апатты жағдайға арналған люкті ашып, алдымен әйеліне, одан соң алғашқы төрт-бес адамға бүлінген ұшақтан шығуға көмектескен.

Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek Air жолаушысы Нұрбол Әлімхан бірінші болып апатты жағдайға арналған люкті ашып, елдің сыртқа шығуына көмектескен. Бұл туралы zakon.kz тілшісіне оның досы Айдос айтып берді.

Айдостың айтуынша, Нұрбол әйелімен бірге ұшаққа отырған. Олар 14-ші қатарда апаттық жағдайға арналған люк маңында отырған.

- Апат болғанда 1-ден 13-ші қатарға дейін түгі қалмай қираған. 14-ші қатар аздап зардап шеккен. Ол бірінші болып апаттық жағдайға арналған есікті ашқан. Ешнәрседен қорқып-саспаған, ол болған жағдайға қарай дереу әрекет етіп, әйеліне, одан соң алғашқы төрт-бес адамға бүлінген ұшақтан шығуға көмектесті, одан кейін адамдардың өзі де лап қойған. Сол сәтте ол кейінге шегінген, - деді Айдос.

Сондай-ақ, Нұрбол ұшақ қонғаннан кейін бортта дүрбелең басталып, айғай-шу шыққанын айтқан.

- Ол маған: "Адамдар жаман айғайлады, мен адамның анандай дауыс шығарғанын бірінші рет естідім", - деді", - дейді Айдос.

Сондай-ақ, ол апатты жағдайға арналған люкті ашқан кезде ешқандай бортсерікті көрмегенін, ал оның артқа бұрылуға шамасы болмағанын, сондықтан олар ұшақтың соңғы жағында жүруі мүмкін екенін де айтты.

Осы оқиғадан кейін оның әйелі психологиялық тұрғыда қатты соққы алған. Олар қону алдында бір-бірімен қоштасқан да екен. Үйде олардың сегіз айлық қызы қалыпты. Соны ойлап, екеуі де қатты уайымдаған.

Өздері бұл апаттан аман қалғанымен, Нұрболдың бұл жағдайда әуекомпания өкілдеріне өкпесі қара қазандай екен. Өйткені апатты ұшақтан шыққан оларды әуежайға апарып тастаған, болды, одан кейін ешкім бұлардың жағдайын да сұрамаған, ал әуежайдан өздері такси шақырып, әупірімдеп үйге әрең жеткен.

Оның үстіне жүктерінің де жайы әлі белгісіз.

- Жүктері болған, олар туыстарына қымбат сыйлық апара жатқан. Бірақ Bek Air өкілдері жүк туралы жұмған ауыздарын ашпайды, оның жайы мүлде белгісіз, - деді Айдос.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: