Мәслихат төрағасының үйіне қарулы шабуыл жасағандар туралы іс бойынша үкімнің күші жойылды
Фото: pixabay
Оқиға 2025 жылғы 15 шілдеге қараған түні болған. Бетіне бетперде тағып, капюшон киген екі ер адам жеке үйге басып кірген. Олар жәбірленушілерді ұңғысы кесілген аңшы мылтығымен қорқытып, байлап тастаған да, үйдің жертөлесіне қамап қойған. Шабуыл жасағандар ақша мен зергерлік бұйымдарды алып, үй иелерінің көлігін мініп қашқан. Ұрланған мүліктің жалпы құны 4 млн теңгеден асқан.
25 шілдеде полиция үш күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Олар – Жамбыл және Түркістан облыстарының тұрғындары. 2026 жылғы сәуірде оларға қатысты үкім шыққаны белгілі болды. Сот шабуылды ұйымдастырған ер адам мен оның бір сыбайласының әрқайсысын 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сот үкіміне сәйкес, олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеуге тиіс еді. Ал оларды сыртта күтіп тұрған үшінші сыбайласы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алайда Бас прокуратура сотталғандардың әрекеті дұрыс сараланбаған деп, сот шешіміне наразылық келтірді.
"Бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында адамның өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданып шабуыл жасау не осындай күш қолданамын деп қорқытып шабуыл жасау қарақшылық деп танылады. Алайда Ақмола облысында қаралған істердің бірінде үш ер адам тонау қылмысы үшін сотталған. Олар түнде бетперде киіп, тұрғын үйге басып кірген. Жәбірленушілерге күш қолданып, ұңғысы кесілген аңшы мылтығымен қорқытқан және ақша мен бағалы заттарды беруді талап еткен. Олар құны 4 млн теңгеден асатын мүлікті иемденіп, жәбірленушілердің бірін байлап тастаған, ал үйде болған адамдарды жертөлеге қамаған", – деп хабарлады Бас прокуратура 2026 жылғы 24 қарашада.
Бас прокуратура сотталғандардың әрекетін тонау деп саралау қате болғанын көрсетіп, кассациялық наразылық келтірді.
"Жәбірленушілер қарумен қорқытқан адамдардың әрекетін өз өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп деп қабылдаған. Оқ атылмағанының өзі де, қарудың жай-күйі туралы мәліметтер де қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды", – деп түсіндірді Бас прокуратура.
Кассациялық сот прокурорлардың уәждерімен келісіп, сот актілерінің күшін жойды. Қылмыстық іс жаңадан қарауға жіберілді.
"Тонау мен қарақшылықты ажырату кезінде іс жүзінде туындаған зардаптармен қатар, шабуылдың сипаты, қандай күш қолданылғаны және жәбірленушіге төнген қауіптің қаншалықты шынайы болғаны ескеріледі", – деп түйіндеді Бас прокуратура.
Қылмыстық кодекске сәйкес, қарақшылық үшін көзделген ең ауыр жаза – 15 жылға бас бостандығынан айыру. Ал тонау үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін Бас прокуратураның араласуынан кейін жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырғаны үшін сотталған екі алматылықтың жазасы қатаңдатылған еді.