Қазақстандық 14 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің үйіне мұрагерлік сұрады: сот не шешті
Фото: pexels
Дау 2011 жылы қайтыс болған ер адамның қызы мен оның (ер адамның) анасының арасында туындаған. Зейнеткер дер кезінде Шымкент қаласындағы тұрғын үй мен жер учаскесіне мұраға құқық туралы куәлік алып, кейін бұл мүліктің бір бөлігі басқа мұрагерге өсиет етілген.
14 жылдан астам уақыт өткен соң, қайтыс болған ер адамның қызы өзін мұрагерлердің қатарына қоспағанын айтып, сотқа жүгінген. Осыған байланысты ол мұраға құқық туралы куәлік пен өсиетті жарамсыз деп тануды сұраған.
Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар оның уәждерімен келісіп, талап қоюды қанағаттандырған. Алайда, кассациялық сот басқа тұжырымға келді.
"Заң бойынша мұраны мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде қабылдау қажет. Бұл мерзім өткізіп алынған жағдайда, оны қалпына келтіру тек сот арқылы және дәлелді себептер болған ерекше жағдайларда ғана мүмкін. Іс материалдарына сәйкес, мұра қалдырушының қызы 14 жылдан астам уақыт бойы мұраны қабылдау үшін ешқандай әрекет жасамаған, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруді сұрамаған, сондай-ақ мұра қалдырылған үйде тұру арқылы мұраны іс жүзінде қабылдағанын дәлелдемеген",- делінген ақпаратта.
Талап қоюшы әкесінің қайтыс болған кезінде кәмелетке толмағанын, ал ата-анасы ажырасқанын айтып, мерзімді өткізіп алуын түсіндірген. Алайда, кассациялық сот мұндай жағдайда баланың құқықтары мен заңды мүдделерін оның заңды өкілдері қорғайтынын атап өтті.
Анасының мұраны қабылдау бойынша тиісті әрекеттерді жасауға мүмкіндігі болмағанын немесе оның ата-ана құқықтары шектелгенін растайтын, сондай-ақ мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерін көрсететін дәлелдер ұсынылмаған.
Сондықтан сот рәсімделген мұрагерлік құқықтардың болмауын басқа мұрагерлердің мұраға құқық туралы куәліктерін немесе өсиетті жарамсыз деп тану туралы талаппен алмастыруға болмайды деген қорытындыға келді.
Осылайша, кассациялық сот сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.