Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты "мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған этникалық екі қазақ - Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды zakon.kz.
Судья Шынар Оспанова Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеуді бұйырды. Сонымен қатар олардың әрқайсысына 25 250 теңге көлемінде айыппұл салды. Сот оларды Қытайға қайтармауды үкім етті.
Жазаны жұмсарту кезінде айыпталушылардың өз кінәсін толықтай мойындап, полицияға өздері келіп берілуі және қылмыс орындарын көрсетуі сынды барлық жауапты әрекеттері ескерліген. Одан бөлек екі сотталушы да жас, артында қалған кішкентай балалары әрі қарт ата-анасы бар. Осының бәрін ескере отырып, сот үкім шығарғанда оларды Қазақстан территориясынан шығару туралы жазаны қолданбады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, оған қарсы аппеляциялық шағым түсіруге болады.
2019 жылы қазан айының басында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткені белгілі болды. Олар Шыңжаңдағы мұсылмандардың қысымға ұшырауына байланысты шекара асып кеткендерін айтқан. Одан кейін оларды ұстап, Қытай шекарасымен шектесетін Зайсан қаласына тергеу изоляторына тоғытқан.