Семейде көпқабатты үйдің жертөлесінен сілеусін ұсталды, деп хабарлайды zakon.kz Instagram -дағы "ОСА" қоғамдық бірлестігінің парақшасына сілтеме жасап.
"Ақырында Комсомоль ауылында сілеусін жүр" деген сөз қауесет болмай шықты. Сілеусін жеке тұрғын-жай аумағынан "Океан" мөлтекауданына келіп жетіп, Жаңа Семейдегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің жертөлесін паналаған", делінген хабарламада.
Жертөледе жыртқыш аң жүргені туралы ветеринарлық қызметке ақпарат келіп түскен. Олар дереу аталған мекен-жайға жетті. Арнайы қызмет қызметкерлері сілеусінді алты сағат бойына аулап, жүріп әрең ұстады. Қазір сілеусін темір торға қамалған. Аш жабайы аң 20-дан астам мысықты тұншықтырып өлтірген көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айында әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысының бір ауылында сілеусін жүргені туралы видео жарияланған еді.