Жаппай бетперде сатып алып жатқан алматылықтарға ескерту жасалды

М-95 бетпердесі науқастармен тікелей байланыста болатын дәрігерлерге, медбикелерге арналған.

Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимова арнайы баспасөз мәслихатында алматылықтарды дүрбелең тудырмауға шақырды, деп хабарлайды zakon.kz.

- Қорғаныс деңгейі жоғары М-95 бетпердесі науқастармен тікелей байланыста болатын дәрігерлерге, медбикелерге арналған. Оны жекелеген тұрғындардың жаппай сатып алуына негіз жоқ. Кәдімгі бетперде де жеткілікті деңгейде қорғайды, ол оны қанша рет ауыстырып кигеніңізге байланысты. Бүгінгі таңда бетперделер жеткілікті. Кеше біз 67 дәріхана мен көтерме саудамен айналысатын компанияларды бақыладық, оларда 1,5 миллион маска болған. Медициналық ұйымдарда да олардың саны жеткілікті. Шекаралас аймақтағы жеткізуші-өндіруші компания 1,1 миллион бетперде дайындап отыр, олардың 100 мыңы балаларға арналған. Сіздерден бетперденің бағасын көтеріп жібермес үшін негізсіз дүрлігіп, жасанды сұраныс туғызбауды сұраймын. Бетпердені жаппай сатып алудың қажеті жоқ, фармацевтикалық компанияларға да айтамын, қолдан жасанды тапшылық жасамаңыздар, астыртын өзара келісіп, баға көтеру деген болмасын. Барлықтарыңызды сабырға шақырамын, бәріміз бір қоғамда өмір сүреміз, - деді Айзат Молдағасимова.

Оның айтуынша, биыл 30-31 қаңтарда ҚХР-да демалыс күндері аяқталады, осы кезде Қазақстанда жұмыс істейтін адамдар ҚХР-дан жаппай орала бастайды.

- Коронавирустың таралу қаупі бар барлық ұйымдар санитарлық дәрігерлерден арнайы нұсқаулар алды, - дейді ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: