Жексенбі күні, 9 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында қаза тапқандардың отбасыларына барды, деп хабарлайды zakon.kz.
Құрамына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, ҚХА өкілдері кірген Үкімет комиссиясының басшысы Сортөбе және Масанчи ауылдарында болды, қаза тапқандардың отбасыларына барып көңіл айтты.
"ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев пен Үкіметтің атынан шын қайғырып көңіл айтамыз. Біз сіздерді бұл қиындықта қалдырмаймыз, сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етеміз. Сіздердің отбасыларыңызға көмектесеміз, мемлекет сіздерді қолдайтын болады", - деді Б. Сапарбаев.
Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жергілікті тұрғындар биліктен кінәлілерді тауып, жазаға тартуды сұрады.
"Бұл қылмыскерлік ниетпен жасалды. Бейтаныс адамдар ауылда жүріп, үйлерді өртеп, ақша мен алтын талап етіп, қарумен қорқытқан. “Үйлерің өртеніп жатыр, шығыңдар”, деген. Олардың арасында мас адамдар болды", - деді ауыл тұрғындары.
Сонымен қатар вице-премьер тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен тұрғын үйлерді, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды аралап көрді.
"Мемлекет басшысы отбасыларға барлық қажетті көмекті және қолдауды көрсетуді тапсырды. Комиссия құрамында индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев барды. Қазір мамандар келтірілген зардапты бағалап жатыр, барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қалпына келтірілетін болады", - деді Б. Сапарбаев.
Сонымен қатар Үкімет комиссиясының мүшелері жерлеу рәсімдеріне қатысты.