ҚР ІІМ Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов Түркістан облысында қару ұрлаған дезертир сарбаз оқиғасының егжей-тегжейін айтып берді, деп хабарлайды zakon.kz.
Шынында да бұл арада белгілі бір уақыт бойына ұрлық фактілері орын алған. Қаңтардың соңынан бастап ақпан айының ортасына дейін қару сақтау қоймасына өздігінен кіруге рұқсат алған сарбаз білдірмей күніне бір-екі мылтықтан ұрлап кетіп жүрген, - деді Әділов үкімет дәлізінде журналистерге берген сұқбатында.
Автоматтардың жайына келер болсақ, бұл кезде әскери сарбаз сырттағы өз таныстарын көмекке шақырған.
Негізгі қару-жарақ түрлері бір күнде, яғни 19 ақпаннан 20-на қараған түні ұрланған. Ол екі тапаншаны сатып үлгерген, біз оны бірден тауып, 120 мың теңгеге сатып алдық. Қалған қаруды достарында сақталған, - деді Әділов.
Ол тергеу барысында 291-бап, "Қару ұрлау" және 453-бап, "Қызмет бабындағы салғырттық" бойынша қылмыстық істер қозғалғанын айтты.
Тергеу мәліметтері бойынша, келісімшартпен әскери қызмет атқарған сержант 1995 және 1996 жылғы сырттағы екі досымен 29 автомат, 28 тапанша және 2 пышақты мылтық ұрлаған.
ҚР ҰҚК мен ІІМ бірлескен жедел-тергеу тобы ізін суытпай ұрлыққа қатысы барлардың барлығын ұстап, қаруларды тәркіледі. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі Түркістан облысында орналасқан әскери бөлімде қару-жарақтарды қосымша түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, үш лауазымды тұлға, атап айтқанда дивизия командирі, опер кезекші, сондай-ақ келісімшарт бойынша қызмет еткен қатардағы сарбаз әскери қызмет ережелерін бұзғаны үшін, қарудың ұрлануына әкеліп соққан немқұрайлылықтары үшін қазіргі уақытта ұсталып, қамауға алынды, - дейді Санжар Әділов.