Алматыда электроцикл мен қоқыс таситын көлік соқтығысып, 81 жастағы ер адам қаза тапты
Сурет: Zakon.kz
Алдын ала мәліметтер бойынша, көліктер бір-біріне қарсы бағытта келе жатқан. Қытайлық үш доңғалақты электроцикл тізгінінде 1945 жылғы ер адам болған.
Оқиға орнындағы Zakon.kz тілшісінің хабарлауынша, кілт бұрылыста егде жастағы жүргізуші, болжам бойынша, рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Қоқыс таситын көліктің жүргізушісі шұғыл тежегішті басқанымен, бетпе-бет соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
Соққы салдарынан электроцикл жүргізушісімен бірге бірнеше метрге ұшып кеткен. Ер адам өмірге үйлеспейтін жарақаттар алып, оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. Апаттың мән-жайы мен себептері анықталуда.
Бұған дейін Қызылорда облысында жол апаты болып, екі адам қаза тапқаны хабарланған.


