Қаскелеңде 2002 жылғы жүргізуші адам қақты

Дене жарақатын алған 33 жастағы жаяу жүргінші түрлі жарақаттар салдарынан ауруханада көз жұмды.

Жаяу жүргіншіні қағып кету дерегі бойынша Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері "Лада 21144" көлігінің жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды zakon.kz.

"Аталған көлік апаты 14 наурыз күні Наурызбай батыр көшесінің бойымен оңтүстік бағытта базарға қарама-қарсы тұста орын алған. Белгісіз автокөлік жолды рұқсат етілмеген тұстан қиып өткен жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан із суытқан. Ал, зардап шегуші ауыр халде жол үстінде қалған. Дене жарақатын алған 33 жастағы жаяу жүргінші түрлі жарақаттар салдарынан ауруханада көз жұмды. Біз қылмысқа қатысы бар күдіктіні іздестіру шараларын қолға алдық", - деді облыстық ПД Тергеу басқармасының Жол-көлік апаттарын тергеу бөлімінің бастығы полиция майоры Медет Аязбаев.

Жедел уәкілдер үшін жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні құрықтау үшін бір күн қажет болды. Жедел-іздестіру нәтижесінде көлік анықталды және көлік апатын жасаған жүргізуші де ұсталды. Ол 2002 жылы туған азамат болып шықты. Оның бұл қылмыстан басқа бірқатар құқық бұзушылықтары бар екені анықталды.

"Тергеу барысында күдіктінің аталған көлікті заңсыз жүргізгені белгілі болды, оның үстіне ол көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып алғаны да ашылды. Жаяу жүргіншіні қағып кеткен соң, ол қылмысын жасыру және жауапкершіліктен жалтару мақсатында жалған нөмірдің көзін жойған. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы кезінде күдіктінің автокөлігінде төрт жолаушы болған. Кейінірек оларды түсіріп кеткен", - деп толықтырды майор М.Аязбаев.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жол апатын жасаған көлік арнайы тұраққа тоғытылды. тергеу барысында тәртіп сақшылары жол-көлік апатының мән-жайын анықтайтын болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: