7 ай бұрын жол көлік оқиғасына түсіп, анасы мен баласынан айырылған Іңкәр Жақаева істің іркіліп тұрғанын айтады. Зардап шегуші, жақындарының жан тапсыруы, күзет компаниясына қарасты көлікті ішімдікпен айдаған қызметкерлер кінәсінен деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жеті айдан бері көз жасы көл болған Іңкәр Жақаева сол күнді ұмыта алмайды. Себебі қайғының бастауы болып, ет жақындарын келмеске аттандырған апат 26 қазанда орын алған. Күзет агенттігінің көлігі бағдаршамда тұрған 4 жолаушылы көлікті кеп соққан. Салдарынан жүкті әйел жансақтау бөліміне түсіп, 60-тан асқан аналарының аяғы сынады. Кейін айналдырған 10 күннің ішінде сәби шетінеп, апта арасында аналары бақилық болған. Дегенмен тергеу барысында бұл қазалар апаттан емес деген пікір айтылыпты.
"Өзіңіз ойлаңызшы, жол апатына түскен кезде соққыны ішімнен алдым. Бала алмады ма ол соққыны? Сараптамаға барғанда да балалар дәрігерін көрдім. Травматологқа айтқан кезде, саған қауіп төніп тұрған жоқ деді. Мен неге балдақпен жүрмін? Ол маған 3-ақ аптада тұрып кетесіз деген. Мен бұны 3-айда айттым оған. «Мен өз жұмысымды істедім, болды кеттім»деді сараптамада маған", – деді қала тұрғыны Іңкәр ЖАҚАЕВА.
Зардап шегушілер кісі өлімінің көлік апатына тікелей қатысы бар деп отыр. Себебі аналарын мемлекеттік аурухана алмай, жеке клиникаға апарған. Ал, ондағы мамандар зақымның қатты соққыдан болғанын мәлімдеген.
"Жошыбаев толық көрсетіп берді. Көлік апатынан кейін өкпеде қан қатқан. Қатты соққы алған. Сол қан айналымды жібермей тұр. Содан барып өкпеге қан жиналған. Сосын аяққа салған гипс, қысып қалған да, тамырды жібермей қалған. Осының салдарынан мына кісі жан тапсырып отыр", – деді Іңкәр Жақаеваның анасы Айсара НАРТБАЕВА.
Ал, алғашқыда көмек береміз деген күзет агенттігінің өкілдері кейін хабарсыз кеткен. Аталған мекемені бізде іздеп көрдік. Дегенмен қазіргі уақытта аты ауысқан агенттік басшысын таба алмадық. Ал, сағызша созылған істі полицейлер сот сараптамасының көптігімен байланыстырып отыр.
Асан Смайылов, қалалық ПБ әкімшілік полиция тобының инспекторы:
– Сот сараптаманың қорытындысына сай Лада автокөлігінің жүргізушісі көлікті орташа дәрежедегі алкагольдік масаң күйде болғаны анықталды. Яғни, кінәлі болып отыр ғой күзет компаниясы?
– Ол туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі балаға қатысты қосымша сот медициналық сараптама тағайындалды. Ал Абдрахманова Халимаға қатысты коммисиялық сот сараптамасы тағайындалды. Сот сараптамаларының қорытындыcын күтіп жатырмыз, соған байланысты іс созылып жатыр.
Қарашада қаралы болған отбасы кінәлілердің заңды жазасын алуды талап етуде. Ал, шешімнің қашан шығарын тергеушілердің өзі де білмейді. Әзірге тек ұзаққа созылған сот сараптамасы шыққанын күтуден басқа шара жоқ.