Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы аумағында номиналы 500 еуро жалған ақша купюрасын өткізуді жүзеге асырған трансұлттық қылмыстық топ құрамына енген тұлғаларға қатысты айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ҚМ ҚМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеулер департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жалған ақша купюрасын жеткізу каналының жолын кесті.
Тергеу амалдарын жүргізу барысында айналымнан 500 еуро номиналындағы 151 жалған купюра алынды.
Петропавл қалалық сотының үкімімен айыпталушылар ҚР ҚК 264-бап 2-бөлім, 231-бап 3-бөлім, 190-бап 4-бөлім, 392-бап 1-бөлім, 218-бап 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыс жасауға тікелей қатысқан Ресей Федерациясының азаматы Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге бес жыл мерзімге шығарылып, оған мүлкiн тәркiленумен, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылу түрінде жаза тағайындалды, қылмыс жасауда серіктес болған тұлғаларға 5 жылға пробация бақылауын белгілеумен шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.
Құрметті азаматтар! Күмәнді ақша купюрасын анықтаған кезде Қаржы мониторингі комитетінің 8 (7172) 70-84-78 сенім телефонына және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ЭТД -(7152) 46-98-18 сенім телефонына хабарлауыңызды сұраймыз.