Тәжікстанның ішкі істер министрлігі (ІІМ) Турсунзаде қалалық МАИ қызметкері Ислом Махкамовты қызметінен алды. Әлеуметтік желілерде оның қазақстандық жүргізушімен жанжалдасқан видеосы жарияланған, деп хабарлайды centralasian.org.
ІІМ ақпаратына қарағанда, Махкамовты қызметтен алу туралы бұйрыққа министр екі апта бұрын қол қойған. Мекеме өкілі видео интернетке жарияланғаннан кейін қалалық ішкі істер басқармасында қызметтік тексеру жүріп, бұдан былай Махкамовтың бұл органда жұмыс істеуге құқығы жоқ деген шешім шығарылғанын мәлімдеді.
Екі минөттік видеода МАИ қызметкері жүк көлігін тоқтатып, оның нөмерін шешіп алғанын көруге болады. Қазақстан азаматы екенін айтқан жүргізуші Махкамовтың көлігін бөгеп, біраз жанжалдасқаннан кейін, нөмірді қайта тартып алған. МАИ қызметкері оның атына былапыт сөздер айтқан.
Видео әлеуметтік желілерде қызу талқыға салынып, қолданушылардың көбі МАИ қызметкерлерінің әрекетін сынға алған.
Ислом Махкамов қазақстандық жүргізуші қатты жылдамдықпен жүргенін, бірақ шетел азаматы болғандықтан оған айыппұл салмағанын жеткізді.
"Мені ішкі істер органдарынан кетірді. Менің бар айыбым - шетел азаматын жазаламағаным. Бұл менің қателігім болды",- деді ол.