Ақтауда баланы тірідей тоңазытқышқа салғандардың аудиожазбасы: Құдай бізді кешірсін!

Сотта баланың тағдырын өзара шешкен ақ халаттылардың аудио жазбасының стеннограмасы тыңдалды.

Атырауда жалғасып жатқан "нәрестенің өліміне қатысты іс" бойынша сот процесінде Жемқорлыққа қарсы іс-әрекет департаментінің ведомствоаралық жедел-тергеу тобын басқарған аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Асқарбек Ермұқашевтан куә ретінде жауап алынды, деп хабарлайды "Ақ Жайық".

Адвокат Талғат Мұқатанов:

- Менің қорғауымдағы Құлбатыроваға (акушер-А. С.)қатысты айыптау қандай дәлелдерге негізделеді ?

Ермұқашев:

- Жасырын тергеу амалдарының нәтижесі, куәлардың айғақтары және сот-медициналық сараптама қорытындысы негізінде.

- Сіз Құлбатырованы "басқа қылмысты жасыру мақсатында адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы бойынша жасаған аса қатыгездікпен кісі өлтіргені үшін" айыптадыңыз. Сіз оны немен дәлелдедіңіз?

- Бұл жасырын тергеу амалдарының нәтижесімен дәлелденеді. Екі адамның өзара телефон арқылы сөйлескен әңгімесі бар. Әңгіменің мағыналық мазмұнын анықтау үшін филологиялық сараптама жүргізілді. Сіз қорғап отырған адам – орындаушы.

Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына сәйкес, нәрестені тоңазытқышқа салып, оның тыныс алуына мүмкіндік бермегені ерекше қатыгездікке жатады. "Басқа қылмысты жасыру мақсатында" - ҚР ҚК 317-бабы ("Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы") бойынша қылмысты жасыру мақсатында баланы тоңазытқышқа салды.

Ертең сараптамада анықталмауы үшін оны суға немесе тоңазытқышқа салу туралы мәселе тұрды. Аудио жазбаның мазмұнына сүйенсек, егер сіз суға салғанда, сараптама баланың өкпесінде су болғанын көрсетеді, сондықтан олар тоңазытқышқа салуды ұйғарған. Белгілі бір уақыт ішінде тірі сәби дәрменсіз күйде болды, оған көмек көрсетілмеген. Міне, осы дәлелдер ескеріліп, негізге алынды.

- Баланы тоңазытқышқа салу акушердің кәсіби әрекеті екенін сіз білесіз бе?

- Осы қылмыстық істі тергеу барысында біз медицина қызметкерлерінен куәгер ретінде жауап алдық. Олардың барлығы да акушердің міндеті бала туғанда алғашқы көмек көрсету, баланы жылумен қамтамасыз ету, жылы көрпемен жабу екенін айтты. Сондықтан мен сіздің сұрағыңызды түсінбедім.

- Нақты жауап беріңіз, сіз бұл туралы білесіз бе?

- Қандай жағдайда акушер нәрестені тоңазытқышқа салады? Өлген сәбиді ме әлде тірі, жаны бар баланы ма?

- Сұраққа жауап беріңіз - иә немесе жоқ?

- Сіздің сұрағыңыз маған түсініксіз.

Адвокат Бақберген АЙТМАМБЕТОВ:

- Жағдай аяқасты пайда болды. Бұған дейін олар біреуді өлтіремін деп келіскен жоқ. Психологиялық-филологиялық сараптамада: "бұл нұсқау берді" деп жазылған. Сөз байласқан деген түсінік қайдан пайда болуы мүмкін, маған түсіндіріңізші.

- Мен жаңа айттым, телефон арқылы сөйлескен әңгіменің стенограммасы бар, филологиялық сараптаманың қорытындысы бар, оның ішінде дәрігерлер бір-бірімен кеңесіп, осы баланың тағдырын шешкені анық. Әңгіменің стенограммасында "Құдай бізді кешірсін" деген сөздер бар. Олар әңгіменің төркіні не туралы екенін түсінді.

- Сіз жасаған айыптау актісінде Нысанбаев Қайыржанға (акушер-гинеколог – А.С.) осы әрекетті орындау үшін нұсқау бергені жазылған. Қайыржан өз кезегінде Құлбатыроваға нұсқау берді. Егер нұсқау иерархиялық баспалдақпен төмендегісіне жолданған болса, онда "алдын-ала сөз байласу" деген қайдан пайда болды, осыны түсіндіріңізші?

- Сіз телефон арқылы сөйлескен әңгімені тыңдаған шығарсыз, сонда бәрі бар.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: